ҚР Президенті Қазақстанға қолдау білдірген елдер мен ұйымдарға алғысын айтты
15:07, 07 Қаңтар 2022
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына үндеуінде ҰҚШҰ-ға қатысушы елдердің басшыларына алғыс айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҰҚШҰ-ға төрағалық етіп отырған Арменияның Премьер-Министріне, сондай-ақ Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан президенттеріне шынайы алғыс айтамын. Ресей Президенті Владимир Путинге ерекше ризашылық білдіремін. Ол менің үндеуіме жедел, ең бастысы, жолдастық ниетпен үн қатты», - деді Мелекет басшысы.
Сонымен қатар Қазақстан Президент ҚХР Төрағасына, Өзбекстан, Түркия президенттеріне, БҰҰ-ның және басқа да халықаралық ұйымдардың басшыларына қолдау көрсеткені үшін алғысын жеткізді.
Еске сала кетейік, ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштерінің басты міндеті - маңызды мемлекеттік нысандарды қорғау, ҚР құқық қорғау органдарына жағдайды тұрақтандырып, заңның үстемдік етуін қамтамасыз етуге көмектесу.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҰҚШҰ ұжымдық бітімгершілік күштерінің 2 500 әскері Алматыға келді.