ҚР Президенті: Қазақстан мен АҚШ арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен АҚШ арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ. Оның үстіне АҚШ - Қазақстанға инвестиция салған ірі мемлекеттердің бірі. Бұл туралы отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуі туралы сұраққа жауап берген Қазақстан Президенті АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық ары қарай дами беретінін атап өтті.

«Сіздің АҚШ президентімен кездесуіңізге тарихи сапар деген баға берілген болатын. Көптеген адамдар сол кезде Сіз бен АҚШ президенті арасында пайда болған «химия» туралы жарыса жазған еді. Әйел мен еркек арасындағы «химия» түсінікті-ау, алайда Президенттер арасындағы «химия» деген не? Осы туралы айтып бере аласыз ба? Сол кездесудің тарихи маңызына қалай баға берер едіңіз?», - деген сұрақ қойылды.

Бұл сұраққа жауабында Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трамппен осы жолғы кездесуі - АҚШ-қа 11-ші сапары болғанын еске алды.

«Ол менің алтыншы ресми сапарым. АҚШ-тың сан жағынан бесінші президентімен кездесуге бардым. Қаншалықты ежелгі екенімді біле беріңіз (күлді). Тарихи маңызы жағынан алғанда АҚШ-тың жаңа президентімен кездесуге барған кезімді айтар едім. Оның БАҚ-қа деген қарым-қатынасы ерекше екен. Оның амал-әдісі толығымен бизнесменнің іс-әрекетіне сай келеді. Сондықтан, онымен кездесу маған пайда әкелуі керек деп ойладым», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президент өз сөзінде Америка қазіргі таңда әлемдегі ең ірі держава екенін атап өтті. Елбасы Американы держава ретінде мойындау қажеттігін тілге тиек етті.

«Алайда текетірестің салдарынан сол баяғы Еуропаның, Ресейдің, Қытайдың экономикасының әлсіреуі бумеранг болып оралып, Американың да экономикасына соққы болып тиері анық. Егер сенің экономикаңның өсімі жоғары болса, өз тауарыңды міндетті түрде біреуге сатып, ары қарай дамудың жолын іздеу керек. Егер бұл текетірес бүкіл әлемдік экономикаға кері әсерін тигізер болса, сенің еліңе де оңай болмайды. Сол үшін біз өте сәтті келіссөздерді жүргіздік. Кездесу өте жайлы болды. Алғашқы минуттардан бастап ол бізді жақсы қарсы алды. Оған дейін екі мәрте телефон арқылы сөйлескенбіз. Эр-Риадта бір мәрте кездескен едік. «Химия» деген сөз - екі саясаткердің бірін-бірі түсінуі дер едім. Кейде президенттер бір-бірімен тіл қатысып тұрса да, ішкі ашудан бір-біріне бірдеңе айтқысы келіп тұратыны бар. Ал бізде ондай ештеңе жоқ», - деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ арасында ешқандай түсініспеушілік жоқ екенін алға тартты.

«Америка - Қазақстанның ірі инвесторы. Осыған дейін 40 млрд АҚШ долларын салды. Ортақ инвестиция 300 млрд десек, бәлкім осы жылы АҚШ инвестицияның мөлшері 50 млрд долларға тақап қалуы керек. АҚШ президенті де мұның бәрін жақсы біліп отыр. Бізде энергетикалық ынтымақтастық бар. Экстремизмге қарсы күресте де біз әрдайым тіл табысып келеміз», - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ пен Ресей арасындағы санкциялық дау Қазақстанға жайсыз тиетінін айтты.

«Әлбетте, бұл бізді де іреп өтеді. Сондықтан, әңгіме соңында мен оған «бұл бізді іреп өтпесін, біздің қатысымыз жоқ» деген едім. Бірақ, бұл мәселе бізге де бәрібір тиеді. Бірақ, біз стратегиялық қарым-қатынасты нығайтуға келістік. Біз тікелей телефон байланысын орнатуға келістік. Қазір ол жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол осы аймақтың мәселелері бойынша менімен ақылдасуды жөн көріп отыр. Біз Ресей мен Украина, Солтүстік Корея мен Қытай, Сирия - барлық мәселе бойынша сөйлестік. Ол менің ойымды білгісі келді. Мен болсам тікелей не ойлайтынымды айттым. Ол менің сөзімді тыңдап, өз тарапына «көрдіңдер ме, Қазақстанда маңайында бәрі дос. Ал бізде ше?» деп сұрап жатты. Мен болсам «Енді бұған кім кінәлі?» дегім келді», - дейді Елбасы.

Президент сонымен бірге сол кездесу барысында құны 7 млрд теңгенің 20 құжатына қол қойылғанын атап өтті.

«Содан кейін Қазақстанға АҚШ-тың сауда министрі келіп, өзімен бірге бизнесмендерді алып кетті. Байланыс жалғасуда. Біздің министрлер де ол жаққа барды. Көптеген сұрақтар бойынша қарым-қатынасымызды жалғастырып келеміз. Біз Қазақстан үшін АҚШ қарай он жылдық виза туралы келісіп алдық. Менің ойымша, бәрін дұрыс жасаған секілдіміз. Сондықтан, өздеріңіз көріп отырғандай, бұл сапар екі ел үшін өте пайдалы болды. Сондықтан, арадағы «химия» әлі жұмыс істеп тұр», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңғы жаңалықтар