+7 (701) 759 90 19
USD 386.19 EUR 427.71
RUB 6.07 CNY 54.87
Jańalyqtar

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрестің жеті негізгі шарасын атады

2019 жылғы 20 мамыр 20:28
Бөлісіңіз:
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлықпен күрестің жеті негізгі шарасын атады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік орган басшыларымен болған мәжілісте жемқорлықпен күреске бағытталған іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасын атады.

Бірінші - азаматтардың құқығын қорғау. Мен Конституцияға сәйкес ұлтына, дініне, мүлік жағдайына қарамастан барлық азаматтар тең деген ережені басшылыққа аламын. Ешкім де заңнан биік емес. Қол астындағы қызметкерлердің жемқорлыққа қатысы болса, орталықта да, өңірлерде де бірінші басшылар тікелей жауап береді. Сондықтан, кешенді алдын алу шараларын қолға алу қажет.

Екінші - мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін қамтамасыз ету керек. Өйткені жемқорлықпен күресте күштік шаралар аздық етеді. Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеу керек. Әділет министрлігі көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуі керек. Білім және ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қол алғаны жөн.

Үшінші - қоғамдық бақылауды күшейту. Парламенттің, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуы негізінде мемлекеттік шешімдердің әділдігін қамтамасыз ету керек. Жер учаскелерін беру, балабақшадан кезек алу сияқты мәселелердің бәрі де қоғамдық бақылау негізінде жүзеге асуы шарт. Бізде мұндай жұмыстар үшін құқықтық механизмдер бар. Әрбір мемлекеттік органда қоғамдық кеңес жұмыс істейді. Алайда, іс жүзінде олардың жұмысы көңіл көншітпей отыр. Азаматтық қоғаммен жұмыстағы тәсілдерді түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекеттік аппараттың жұмысын азаматтардың талабына сай бағыттау керек.

Төртінші шара - бюджеттік саясаттың ашықтығы. Бюджеттік процестің кезеңдері яғни, құрылудан бастап жүзеге асуға дейінгі аралықтың барлығы ашық болуы керек. Азаматтар қажет етпейтін тауарлар алынып, ғимараттар салынып жататын мысалдар аз емес. Тиімсіз «имидждік» жобалар мен бағдарламалардан бас тарту қажет. Даңғойлық пен ысырапшылдыққа жол берген шенеуніктер қатаң жазалануы керек. Халықтың қаржысы тиімсіз жұмсалса, құқық бұзушылыққа жол берілсе, оның жазасы ауыр болады. Мемлекеттік органдар жанындағы ұйымдар мен ұлттық компаниялар да қоғам бақылауында ашық әрі түсінікті болуы керек.

Бесінші кезекте жемқорлыққа қарсы саясатта өңірлердің рөлін күшейту қажет. Әкімдерге айтарым, жемқорлықты түбегейлі жою сіздердің жұмыстарыңыздың негізгі көрсеткішінің бірі болады. Оған сіздер тікелей жауаптысыздар. Әрбір елді мекеннің өз бюджетіне байланысты төртінші деңгейлі бюджетті құруды аяқтау туралы міндет қоямын. Менің Президент ретіндегі ұстанымым бюджет шығындарын жоспарлауға, әсіресе өңірлерде халықтың өкілдерін қатыстыру керек. Бұдан ел экономикасы дамып, тиісінше, халықтың әл-ауқаты артады.

Алтыншы - мемлекеттік қызмет көрсету ісіндегі үдемелі цифрландыру. Мемлекеттік аппарат қызмет көрсету барысында тұтынушыларға бейімделу қажет. Тұрмыстық жемқорлықты жоюдың бірден бір көзі - мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды нұсқаға көшіру. Бұл жерде шешімін таппаған мәселелер бар. Бүгінде мәліметтер базасының 33 пайызы ғана интеграцияланған. Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі осы жұмысты сапалы әрі уақытылы аяқтауы қажет. Электронды Үкіметті дамыту аясында азаматтардың көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді мобильді нұсқада алуы үшін жаппай оқыту жұмыстарын дамыту керек.

Жетінші міндет - мемлекеттік сатып алу жүйелерін жетілдіріп, бизнеске әкімшілік қысымды төмендету. Бүгінде 25 мың ұйым мемлекеттік сатып алуларды жүзеге асырады. Бұл жемқорлыққа қарсы бақылауды қиындатады. Осыған байланысты, мемлекеттік сатып алуларды орталықтандырып, әлеуметтік саладағы бюджеттік мекеме басшыларын бұл міндеттерден босату керек. Колледждер мен мектеп директорына дейін мемлекеттік сатып алуға қатысы бар. Орталық мемлекеттік органдарда саяси қызметшілерді мемлекеттік сатып алуларға араластырмайтын механизмдер әзірлеуді тапсырамын. Сонымен қатар мемлекеттік функцияларды бәсекелік ортаға беру керек. Бұл туралы жиі айтылса да, 5 функция ғана жеке секторға берілген. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Ә.Смайыловқа және Ұлттық экономика министріне тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырамын.

Үкімет пен Президент Әкімшілігіне осы жиында көтерілген мәселелерді шешу үшін енгізілген ұсыныстар негізінде жұмыс істеу тапсырылды.

Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:
Загрузка...
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
Сондай-ақ... оқыңыз
Загрузка...
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Кожакелдиев Е.
Кожакелдиев Е.
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жанибек Амангелди
Жанибек Амангелди
954-059

MURAǴAT