ҚР Президенті Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынды
2022 жылғы 29 маусым 18:17

ҚР Президенті Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алтыншы Каспий саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев теңіз жағалауында орналасқан елдерге өңірлік азық-түлік хабын құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызы артып келеді. Былтыр Қазақстанның Каспий жағасындағы елдермен өзара сауда айналымы шамамен 3,4 млрд доллар болды. Оның 70 пайызы Ресеймен құрлықтағы бағыт бойынша жүзеге асырылды»,- деген Қазақстан Президенті өңірде Каспий жағасындағы елдердің азық-түлік хабын құруды ұсынды.


«Қазақстанның Әзербайжанмен арадағы тауар айналымы едәуір, яғни 2,3 есе, Иранмен және Түрікменстанмен 2 есе артқаны байқалады. Бұл жерде біздің жоғары сапалы бидай (шамамен 5 миллион тоннадан астам) мен ұн (1,5 миллион тоннаға жуық) экспортының үлесі зор. Осы ретте 1 миллион тоннадан астам майлы дақылдар шығаруға қорымыз бар. Бұдан бөлек ет-сүт өнімдерінің экспортын арттыру үшін Қазақстанның әлеуеті мол. Мемлекеттеріміздің өзара сауда-саттығын күшейту үшін заманауи логистикалық инфрақұрылымды дәйекті түрде дамыту қажет. Сондықтан Каспий маңы азық-түлік хабын құруды ұсынамыз. Бұл шығынды барынша азайта отырып, өзара тауар айналымын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Мемлекет басшысы.

Еске салсақ, бүгін Қазақстан Президенті Каспий маңы мемлекеттері басшыларының алтыншы саммитіне қатысу үшін Ашхабад қаласына жұмыс сапарымен келді.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовпен және Түрікменстанның бұрынғы Президенті, Халық Мәслихаты Ұлттық кеңесінің төрағасы Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесті.



Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT