ҚР Президенті Қарабақ жайында: Посткеңестік кеңістіктегі қақтығыс ошағының оты сөндірілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат -Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әлеуетін жаңа геосаяси жағдайда одан әрі күшейту және оның халықаралық аренадағы орнын нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Бұл туралы ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан Президенті Мемлекеттер басшыларының назарын қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз етуге аударды. Оның пікірінше, мемлекетаралық қатынастардың шиеленісуі және өзара сенімсіздік жағдайында орнықты даму мен ілгерілеу мүмкін емес.

«Әзербайжан Президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Воваевич Пашинянның бірлесе күш салуымен, Владимир Владимирович Путиннің белсенді араағайындығымен Таулы Қарабақтағы әскери қимылдарды тоқтату туралы келісім жайын тағы бір рет атап өткім келеді. Бұл қалыптасқан күрделі жағдайдағы ең дұрыс шешім болды. Аталған тарихи келісім өңірде ұзақ мерзімді бейбітшілік орнатуға ықпал етеді деп үміттенемін. Шын мәнінде, Достастық ұйымы құрылғалы бері саяси атмосфераны улап келген посткеңестік кеңістіктегі қақтығыс ошағының оты сөндірілді», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы осындай қиын-қыстау кезеңде елдеріміз арасындағы тығыз ықпалдастықтың маңызы арта түседі деп санайды.

«Иә, біз бір-бірімізден экономикалық әлеуетіміз тұрғысынан ерекшеленеміз. Біздің тарихи көзқарасымыз, Таулы Қарабақтағы қақтығыс көрсеткендей, тіпті, геосаяси көзқарасымыз да әртүрлі болуы ықтимал. Дегенмен, ең бастысы, біздің халықтарымыз бейбіт жағдайда өмір сүріп, бір-бірімен достық қарым-қатынаста болғысы келеді. Біздің міндетіміз – халықтарымыздың арасына сына қағылуына жол бермей, өзара тиімді ынтымақтастықты арттырудың жолын іздеу, қазіргідей стартегиялық құбылмалы жағдайда ТМД елдерін жақындастыру. Біз пандемиядан кейінгі кезеңде оның барлық сын-қатерлері мен ауыртпалықтарын еңсеруде көпжақты ықпалдастық мәселесін ойластыруымыз керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД-ны халықаралық қоғамдастықта зор беделге ие деп санайтындығын баса айтты.

»Біздің ұйымның негізін қалаушылар күш жұмылдыра отырып, посткеңестік кеңістікті тарихымыздағы қарама-қайшылық кезеңіндегі ауыр қантөгістен аман сақтап қала алды. Достастықтың әлеуетін жаңа геосаяси жағдайда одан әрі күшейту және оның халықаралық аренадағы орнын нығайту – баршамыздың ортақ міндетіміз. Тату көршілік рухындағы ынтымақтастық, өзара құрмет көрсетіп, мүдделерді ескеру арқылы қазіргі сынақтар мен алдағы сын-қатерлерге лайықты төтеп бере алатынымызға сенемін«, – деді Қазақстан Президенті.

Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысты.

Видео конференция режимінде өткен іс-шарада Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан Президенттері болды.


Соңғы жаңалықтар