ҚР Президенті Іс Басқармасының ұжымы қарттарға арнап мерекелік акция ұйымдастырды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Сырттағы ауа-райының қолайсыздығына қарамастан, елордадағы «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ішінде Наурыз мерекесінің лебі сезілді.

Бүгін мұнда ҚР Президенті Іс Басқармасының қызметкерлері орталық тұрғындары үшін қайырымдылық акциясын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


Орталық тұрғындары бүгін ерекше әдемі. Жоспарланған коцерт туралы естіген олар өздерінің сәнді де салтанатты көйлектері мен костюмдерін киіп, мерекелік шара өтетін залға келіп, орындарына жайғасып жатты.


ҚР Президенті Іс Басқармасының қызметкерлері қарттармен әңгімелесіп, оларды мерекемен құттықтап, көңіл-күйін көтеруге тырысты.


«Наурызды мерекелеу аясында Президент Іс Басқармасы және оған қарасты ұйымдардың қызметкерлері «Шарапат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тұрғындарына келді. Біз құр қол келген жоқпыз. Олардың көңіл-күйін көтеру үшін мерекелік концерт ұсынып, шағын сыйлықтар да дайындадық», - деп атап өтті кадр қызметі меңгерушісінің орынбасары Шолпан Жұмағұлова.


Айта кетейік, ҚР ПІБ мұндай іс-шараларды жиі өткізеді. Мәселен, былтыр Балалар жылы аясында Президент Іс Басқармасының қызметкерлері балалар үйіне барып, кішкентай бүлдіршіндерге кәсіби аспаздар тамақ әзірлеу бойынша шеберлік сағатын өткізді. Сонымен қатар, Бурабайда арнайы экскурсия ұйымдастырылды.


ҚР ПІБ Медициналық орталығы басшысының орынбасары Людмила Бюрабекова бұған дейін ПІБ қызметкерлері балалар үйлерінің тәрбиеленушілерімен кездескенін атап өтті. Бүгінде осы игі дәстүрдің жалғасы ретінде олар «Шарапат» оңалту орталығының тұрғындарын Наурыз мерекесімен құттықтауға арнайы келді.


ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты ұйымдар қызметкерлерінен басқа, мерекелік концертке Астана қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб қатысты.


«Бүгінгі іс-шара Наурыз мерекесін атап өтуге арналған. Бұл - жаңару мен жаңғыру мерекесі. Осыған байланысты біз тиісті іс-шара мен мерекелік түскі ас дайындадық. Біз осындай шараларды тұрақты негізде өткіземіз. Мұнда 300-ге жуық адамға әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Өткен аптада үйде қызмет алатындар үшін Наурыз мерекесін атап өттік», - деді Илья Скуб.


Мемлекеттік күзет қызметінің оркестрі ұйымдастырған мерекелік концерт ауқымды музыкалық кештерден еш кем түспеді. Онда Айзат Қарабекова, Асылхан Шалқаров, Еркебұлан Сәрсембеков, Гүлсім Мырзабекова, Бауыржан Нұрмұханов сияқты оркестр мүшелері мереке қонақтары үшін арнайы өнер көрсетті. Олар халықаралық және республикалық байқауларда жеңіске жеткен әндерін шырқап, көрермен қошеметіне бөленді.

Кейін Наурыз мейрамына орай мерекелік дастархан жайылды.


Шара барысында ҚР Президенті мен Үкіметі әкімшілігінің әкімшілік ғимараттар дирекциясы, Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы, Медициналық орталық ауруханасының және Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасының әкімшілік ғимараттар дирекциясының өкілдері орталықтағы азаматтардың көңілін көтеріп, қолдау білдірді. Бұл ұйымдардың барлығы ҚР Президенті Іс Басқармасының қарамағына кіреді.



«Бізге осы орталыққа баратынымызды хабарланған кезде, бірден дәмді тағамдар дайындауымыз керек деп ойладық. Біз наурыз көже, бауырсақ, шұбат сияқты ұлттық тағамдарымызды, сондай-ақ әртүрлі салаттар әзірледік», - деп атап өтті Мемлекеттік резиденция дирекциясының бас аспазшысы Әділет Лұқпанов.


Әкімшілік орталық дирекциясының қоғамдық тамақтану бөлімінің бастығы Жәмила Айдарбекова мәзір жасау кезінде орталық тұрғындарының тамақтану ерекшеліктері ескерілгенін айтты. Сондықтан егде жастағы адамдар үшін ұлттық тағамдардан басқа, мәзірде көкөністер мен жемістер, салаттар болды.


Бұдан басқа, ҚР Президенті Іс Басқармасы қызметкерлері өздерінің жеке кітапханаларынан жинақталған кітаптарды орталыққа сыйға тартты. Сондай-ақ, «Шарапат» орталығының тұрғындарына сұранысына байланысты өзге де сыйлықтар табысталды.



Соңғы жаңалықтар