ҚР Президенті Іс Басқармасына қарасты ведомстволар арасында үстел теннисінен турнир өтіп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елордада ҚР Президенті Іс Басқармасының және ведомстволары мен ведомстволық қарасты ұйымдарының қызметкерлері арасында үстел теннисінен турнир басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жыл сайынғы дәстүрлі спартакиаданың осы кезеңінде әрқайсысы 3 адамнан тұратын 12 команда өзара тартысқа түседі. Жеңімпаз және жүлдегер командалардан бөлек, «Ерлер арасындағы үздік ойыншы», «Қыздар арасындағы үздік ойыншы» және «Шебер ойыншы» аталымдары бойынша үздік шыққандар марапатталады. Жалпы, бүгінгі сайысқа 60-қа жуық адам қатысып отыр.

ҚР Президентінің Іс Басқармасы аппаратының басшысы Мұрат Дәрібаев осындай жарыстарды өткізу дәстүрге айналғанын айтты. Биыл алты спорт түрінен турнирлер ұйымдастырылған.

«Бүгін үстел теннисінен турнир өтіп жатыр. Атап айтқанда, бұл өте жақсы дәстүр, өйткені мұндай сайыстар баршамызды біріктіреді. Турнирді лайықты деңгейде өткізіп, нағыз мықтылар жеңімпаз атансын деп тілеймін», - деді М. Дәрібаев.

Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев пен Гиннесс рекордтар кітабына кірген, алып күш иесі Сергей Цырульников жарыстың қадірлі қонағы ретінде шақырылды.

Серік Сәпиев еліміздің аумағында спортты насихаттайтын іс-шараларды ұйымдастыру өте маңызды екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы бұқаралық спорттың, ұжым ішіндегі, қарапайым жұмысшылар арасындағы спорттың дамуына айрықша көңіл бөліп отыр. Осы орайда спортшылар атынан мұндай турнирді ұйымдастырғаны үшін ҚР Президенті Іс Басқармасына алғыс айтамыз. Президент теннисті жақсы меңгергенін білесіздер. Соңғы жылдары елімізде үстел теннисінің дамуына тың серпін берілді. Қазіргі кезде балалар арасында жақсы нәтижелерді көріп жатырмыз. Жергілікті атқарушы органдар мен федерацияның қолдауы арқасында балалар үстел теннисіне көптеп тартылып жатыр», - деді Ұлттық Олимпиада комитеті бас хатшысының орынбасары С. Сәпиев.

Өз кезегінде Сергей Цырульников осындай турнирлер елімізде спортты дамытуға ерекше ықпал ететінін айтты.

«Жаңа Қазақстанды барлығымыз жұмыла құрып жатырмыз. Сондықтан елімізде денсаулығы мықты, спортқа уақыт бөлетін адамдар көп болуы керек. Осындай іс-шаралар салауатты өмір салтын насихаттауға ынталандырады. Яғни балаларды, жалпы елді мекен тұрғындарын спортқа тартуға әсер етеді. Мұндай сайыстарда адамдар бұқаралық спортты дамытуға өз үлесін қоса алады. Мені осындай жарыстарға жиі шақырады. Бұл тұрғыда елімізде мұндай сайыстар жыл сайын артып келе жатқанын байқап отырмын», - деді Сергей Цырульников.

Сонымен қатар С. Сәпиев пен С. Цырульников үстел теннисі сайысына қатысты.

Айта кетейік, бүгінгі турнирге Қазақстан Республикасы Президентінің Іс Басқармасы, Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені, «ҚР ПІБ Инженерлік-техникалық орталығы» ШЖҚ РМК, «Мемлекеттік резиденциялар дирекциясы» РМК, «Бүркіт» мемлекеттік авиакомпаниясы» РМК, «Бурабай даму» ЖШС, ҚР ПІБ Медициналық орталығы, «Астана-20» мемлекеттік қоры, «ҚР ПІБ «ҚР Президентінің Әкімшілігі мен Үкіметінің әкімшілік ғимараттары дирекциясы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК, «Қазқұрылысжүйесі» ЖШС, «ҚР ПІБ Автошаруашылығы» РМК, «Материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы» мемлекеттік мекемесі атынан командалар қатысып жатыр.

Турнир судьясы Ангелина Андреевна ойын ережесін түсіндіріп берді. 12 команда төрт топқа бөлініп жарысады. Әр топқа үш командадан кіреді. Осыдан кейін командалар финалға шығады.


Соңғы жаңалықтар