ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының дәрігерлері роботты отаға қалай пайдаланып жүр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Дәрігер жүрегінің науқасқа деген жанашыр пейілі мен ассистент роботтың қасаң өлшемге құрылған дәлме-дәл әрекеті үйлескен тұста отаның сәтті өту ықтималдығы еселеп артады. Бұған біз ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының дәрігерлері мен робот бірлесіп жасаған отаға қатысқан кезде көз жеткіздік, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құлтемірдің қабілеті - дәрігерге таптырмас демеу

Уағдалы күні біз дәрігерлерді ота бөлмесінен таптық. Науқастың жатыры мен сол жақтағы аналық безіне ота жасауға дайындалып жатыр екен. Наркоздың көмегімен терең ұйқыға кеткен әйелдің айналасында ақ желеңді мамандар қаумалап тұр. Тыңғылықты дайындықтан кейін клиникалық роботтың көмегімен ота басталды. Дәрігерлер іс арасында бізге робот отаны бастан-аяқ өзі жасайды деп түсіну қате екенін түсіндіріп үлгерді. Бейнелеп айтсақ, ол да - хирургтың қолындағы пайдалы құралдың бірі ғана. Бірақ роботпен ота жасаудың үлкен артықшылығы бар. Доктор пәрменін мінсіз орындайтын роботты өзіне жайлы орыннан басқарады. Яғни, сағаттап аяқтан тік тұрып, терлеп тепшімей-ақ, роботтың көмегімен отаның әрбір әрекетін миллиметрлік дәлдікпен атқарып шығады. Робот – адам емес. Оның ота кезіндегі басты артықшылығы да осында. Тірі жан иесінің ағзасына пышағын сүңгіткен сәттің өзінде титтей де қобалжып, жүрексініп жатпайды. Сондықтан да отаның әрбір сәті асқан дәлдікпен атқарылады.

Гинеколог дәрігер Гүлбарам Башарова роботты отада мінсіз жұмсау үшін лапароскопиялық тәсілмен ота жасауға әбден машықтану керектігін айтады. Қарапайым тілмен айтсақ, ота жасалатын тұсты кескілемей-ақ, бір ғана саңылау арқылы қажетті шаруаны тындыру деп сипаттауға болады.

Оташы роботты пайдалану әсіресе урология, гинекология мен жалпы хирургияда өте тиімді. Біздің кейіпкерлеріміз жоғарыда айтқан лапараскопиялық тәсіл мен ассистент роботтың мүмкіндіктерін қатар пайдалана алады. Соның арқасында ота алаңын үш деңгейдегі өлшемде бақылап, ота жасалатын тұсты бірнеше есе үлкейтіп қарай алады. Ассистент роботтың арқасында ота кезінде вирус жұқтырудың қатері мейлінше азаяды. Мұндай отадан кейін науқас тез сақайып кететін көрінеді.

Ота – ортақ жауапкершілік

Гүлбарам Башарова бұл клиникада 2015 жылдан бері жұмыс істеп жүр. Роботтың көмегімен ота жасауды алғаш болып меңгергендердің бірі де осы кісі. 2018 жылы ассистент роботтың көмегімен ота жасайтын орталық ашылған кезде Италияның Милан қаласында оқудан өтіп, сертификат алып қайтқан екен. Соның өзінде алғашқы оталарын жануарға жасап бастағанын айтады.

«Роботпен ота жасауға қалыпты отаға қарағанда ұзақ дайындаламыз. Оның өтеуін ота кезінде көреміз. Ота алаңын 16 есе үлкейтіп қарағанда нәзік тамырлардың өзін айқын аңдуға болады. Мұның бәрі жұмысты айтарлықтай жеңілдетеді», - дейді гинеколог.

Бұл жолғы отаға роботтан бөлек үш хирург, анестезиолог, мейірбикелер, санитарлар жұмылдырылды. Отаның сәтті өтуі осындағылардың ортақ жауапкершілікпен іске кірісуіне байланысты екенін айтады Гүлбарам Башарова.

«Біз бір-бірімізді ауыстыра аламыз. Ота алаңында санитарлардың да маңызы зор. Біз оларға тәуелдіміз десек те болады. Қысқасы ота алаңы бәрімізді бір-бірімізге кіріптар ете түседі», - дейді маман.

Жатырды сылып тастау отасы 1 сағаттан астам уақыт алды. Дәрігерлер науқастың ота жалғыз саңылау арқылы жасалғандықтан қан көп кетпегенін түсіндірді.

«Жатырмен бірге оң жағындағы қосымша өскіндерді, аналық безді сылып алдық. Сол жағында жатыр түтікшесін ғана сылып, бір аналық безді қалдырдық. Мұндай отаны үнемі жасап жүрсек те, аяқталар тұста қобалжыған едім. Ота аяқталғаннан кейін несепағар жолдарды тексереміз. Бұл жолы да бәрі қалыпты екенін көріп көңілім орнына түсті. Науқастың жағдайы жақсы, әлден оянып алыпты. Дегенмен отадан кейін екі сағат наркоздан ес жию үшін арнайы бөлмеде жатуы керек. Жылдар өткен сайын тәжірибе артатыны рас. Бірақ тәжірибе артқан сайын жауапкершілік те артады екен. Өйткені соншалық өтілің болғандықтан қателесуге қақың жоқ», - дейді дәрігер.

Ақ желеңді жандар сылып алынған жатырдың ғылыми мақсатқа қолданылатынын айтты.

«Тіпті ота кезінде алынған титтей органның өзін патолог-анатомиялық зертханаға жібереміз. Патолог-анатомдар сылып алынған органның әр жәрінен тін кесіп алып, микроскопқа салып қарайды. Сол арқылы қатерлі ісіктің белгілерін іздейді. Осылайша 20-30 кесік жасап, әбден зерттеп болғаннан кейін ғана ота қалдығын заласыздандырады. Мұндай зерттеулер науқастың отадан кейін өзіне қалай күтім жасап, ауруынан құлан-таза айығуы үшін не істеу керектігін анықтауға көмектеседі», - дейді Гүлбарам Башарова.

Робот қатысқан отадан кейін асқыну тіркеліп көрмепті.

«Урология саласында ассистент робот үлкен ісіктерді сылу үшін, бүйрек патологиялық деңгейге түсіп кеткенде, қуық бітелгенде, ағзаға тас байланғанда пайдаланылады», - дейді уролог дәрігер Бақтияр Қасымов.

2018 жылдан бері ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының ауруханасына қарасты ассистент роботпен ота жасау орталығы заман беталысымен қатар дамып келеді. Роботтандырылған хирургия бағдарламасына әлемге танымал докторлар кеңесшілік жасайды. Аттай қалап алдыратын мамандар екі ай сайын осындағы дәрігерлемен бірге ота жасап, шеберлік сағатын өткізеді.

«Биыл роботтың көмегімен 278 ота жасалды. Бәрі сәтті өтті. Асқыну тіркелген жоқ. Отаны ашық әдіспен жасап үйренген аға буын саңылаудан ота жасауды баланың ойынына балап, аппаратпен сығалап әуре болғанша ашық жасау жеңіл дегенді айтып қасарысқан. Бірақ қазір оталардың 98%-ы лапароскопиялық тәсілмен жасалады. Мына роботпен 5 жыл жұмыс істеппіз. Ғылым, технология бір орнында тұрмайды ғой. Келешекте хирург ешқандай көмекшілерсіз роботпен бірлесіп қана ота жасай беретін тәсілдер пайда болатын шығар», - дейді осы орталықтың жетекшісі Талғат Оразов.

Технология – адам игілігі үшін

Ассистент робот дегенді естігенде көбі мұндай ота удай қымбат шығар деп ойлайды. ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығының мамандары мүлде олай емес екенін айтады. Бұл орталықта да портал арқылы кезекке тұрып, тегін ота жасатуға болады.

Сондай-ақ, ақылы бөлім де бар. Дәрігерлер оның бағасы Астанадағы өзге ақылы клиникалардың бағасымен қарайлас екенін айтады.

«Емделушілер біздің орталық ҚР Президенті Іс басқармасы медициналық орталығына қарасты болғандықтан қызметтің бәрі қымбат деп ойлайды. Шын мәнінде біздегі баға қаладағы өзге ауруханадағы бағалардай ғана. Бізде ота жасатқан науқастар үйлеріне ертерек шығады. Ал отаның ізі денеде қалмайды. Бұл, әсіресе, әйелдерге өте маңызды. Бізге келген науқастардың көбі отадан кейін бағасын естіп таңғалып жатады. Біздің көмегімізге мұқтаж кез келген науқасқа есігіміз ашық», - дейді Гүлбарам Башарова.

Орталық базасында оқу орталығы бар. Онда клиникалық роботтың баламасы орнатылған. Үйренушілер соның көмегімен доңызға ота жасап машықтанады.

Технологиялар қарыштап жетілген сайын орталық та құрал-саймандарын жетілдіріп отыруға тырысады. Ендігі жоспарда камераны жетілдіріп, кескін сапасын жақсарту мақсаты тұр.

«Өңірлердегі студенттерді бізден оқуға шақырсақ дейміз. Оларға роботтарды, жаңа чиптерімізді көрсеткіміз келеді. Робот жабдықтарын шығаратын компаниямен одан әрі тығыз ынтымақтастық орнатуға ниетті жас мамандар көп. Біртіндеп қолмен жасалатын хирургиядан бас тарту керек. Медицина бір орында тұрмайды. Технологиялар жылдам жаңарып жатыр.

Жаңа құралдар, жаңа мүмкіндіктер пайда болып жатыр. Қазір медицина мейлінше жарақатсыз қызмет көрсетуге бағытталған. Біз емделушілердің бұл талабына икемделіп отырамыз. Дегенмен, робот көмектесе алмайтын, білікті дәрігердің шипалы қолы ғана ем дарытатын күрделі оталар болатынын ұмытпау керек. Яғни, ашық әдспен ота жасау түбегейлі қолданыстан шықпайды. Тек оның үлесі қазіргіден әлдеқайда азаяды», - деді бізге Талғат Оразов.


Соңғы жаңалықтар