ҚР Президенті халықаралық шахмат фестиваліне қатысушыларға құттықтау жолдады

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда халықаралық шахмат фестивалі басталды. Осыған орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев турнир ұйымдастырушылары мен қатысушыларына құттықтау жолдады, деп хабарлайды. ҚазАқпарат.

«Достар, біздің команда Атырауда 16-24 тамыз аралығында өтіп жатқан «Аtyrau Chess Festival – 2022» фестивалінің ұйымдастырылуына байланысты Мемлекет басшысынан құттықтау хат алды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев хатында турнир ұйымдастырушылары мен қатысушыларын құттықтады. Бұл мен үшін шынымен үлкен мәртебе!

Біздің шара – Қазақстанның осы өңірінде өткізіліп жатқан бірінші халықаралық шахмат турнирі. Фестиваль ұйымдастырушысы ретінде еліміз Президентіне білдірген сенімі үшін ерекше алғысымды жеткіземін», - деп жазды халықаралық гроссмейстер, Азия және Әлем чемпионы Динара Сәдуақасова Facebook-парақшасында.

Бүгін, 16 тамызда Атырауда фестивальдің ресми ашылуы өтті. Жарысқа 300-ге жуық шахмат әуесқойы қатысып жатыр. Оның ішінде Қазақстанмен қоса, АҚШ, Нидерланд, Литва, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Беларусь және Ресей мемлекеттерінің ойыншылары бар.

Әрқайсысының нәтижесі әйгілі швейцариялық жүйемен бағаланатын үш негізгі турнир өтеді. Фестивальдің ресми сайтында тіркелу арқылы ойынды онлайн режимде көруге болады. Шеберлік сабақтар мен бір мезгілде өтетін ойын сеанстары ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, фестиваль аясында төрешілер емтихан тапсырып, FIDE төрешісі атағын ала алатын халықаралық арбитрлердің алғашқы семинары болады.

«Бұл фестивальді Қазақстанда шахматты спорт түрі ретінде танымал ету және дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ жас спортшылардың шеберлігін арттыру мен жас таланттарды іздеу мақсатымен өткізіп отырмыз. Фестивальдің жүлде қоры 13 миллион теңгеден асады. Сонымен қатар, Қазақстан-Британ техникалық университеті (ҚБТУ) бакалавриат пен магистратурада оқуға грант бөледі. Грант иегерлерінің есімі турнирдің жабылу салтанатынында жарияланады», - дейді Динара Сәдуақасова.

Халықаралық шахмат фестивалі 24 тамызға дейін жалғасады.


Фото: .facebook.com/dinara.saduakassova



Соңғы жаңалықтар