ҚР Президенті «First Abu Dhabi Bank» акционері шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Президент Абу Даби әмірлігінің билік басындағы ​​​​әулетінің аға өкілі, БАӘ-нің ірі кәсіпкерлерінің бірі, «First Abu Dhabi Bank» акционері Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның аймақтағы басты экономикалық және сауда серіктесі екенін, БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен бүгінгі келіссөз барысында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде уағдаластыққа келгенін, сондай-ақ маңызды келісімдерге қол қойғанын жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан мен БАӘ үкіметтері қабылдаған Стратегиялық инвестициялық жобалар жасау туралы бірлескен декларация екіжақты серіктестікті нығайтуға тың серпін береді.

Президент инвестициялық іс-әрекеттің басымдығына назар аударып, қабылданған Декларация аясында шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянның компаниялар тобын бірқатар жобаны жүзеге асыруға шақырды.

Өз кезегінде Абу Даби әмірлігінің билік басындағы әулетінің аға өкілі Қазақстандағы жобаларға инвестиция құю жөніндегі жоспарын айтты.

Айта кетейік, жексенбі күні Мемлекет басшысы ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды.

Кеше ҚР Президенті «Абу Даби тұрақты даму апталығы» саммитінің ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйледі.

Ал бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевты БАӘ Президентінің сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді.

ҚР Президенттің БАӘ-ге ресми сапары аясында 9 құжатқа қол қойылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен БАӘ Президенті Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян бірлескен мәлімдемесін жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президентіне қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді.


Фото: akorda.kz


Соңғы жаңалықтар