ҚР Президенті экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шараларды бекітті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» бұған дейін қабылданған Жарлыққа сәйкес бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақорданың ресми сайтында жарияланған Қаулы мәтінін ұсынамыз

* * *

Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы

«Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМIН:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Президентімен келісу бойынша:

1) салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін салық мөлшерлемелерін белгілесін, салық базасын, салық салу объектілерін, салықтық кезеңді айқындау және салықтық міндеттемелерді орындау тәртібін;

2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген салық төлеушілердің жекелеген санаттарын;

3) мемлекеттік бюджетті қалыптастырудың, нақтылаудың және атқарудың ерекше тәртібін;

4) мемлекеттік сатып алудың арнайы тәртібін айқындасын.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметіне:

1) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен, шекті тарифтерді және Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті азық-түлік пен басқа да тауарларға бағаларды белгілеу;

2) Қазақстан Республикасының халқы мен экономикасының үздіксіз тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуге қажетті тауарларды әкелу мен әкету тәртібін айқындау құқығы берілсін.

3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының

Президенті Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 16 наурыз

№ 287


Соңғы жаңалықтар