ҚР Президенті бюджетті түбегейлі қайта құруды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік бюджеттен қажетсіз бағдарламаларды алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сапасыз және біліксіз жоспарлауға қатысты мысал көп. Қаржыны тиімсіз қолданғаны үшін мемлекеттік органдар қатардағы орындаушыларға ескерту беріп құтылады. Тәртіптік өндіріп алу саны анықталған құқықбұзушылықтың көлеміне сәйкес келмейді. 2018 жылы 155 қызметкер жауапқа тартылды, оның 7% ғана – 11 адам басшылық қызметте болған. Үкіметке Есеп комитетімен бірлесіп, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда бюджет қаражатын тиімсіз қолданғандарға, тиімсіз жоспарлағандарға жауапкершілік шараларын күшейтуді тапсырамын. Квазимемлекеттік сектор «сауын сиыр» болмауы керек. Бұл мәселе заңнамалық тұрғыда шешілуі тиіс. Бұл бастаманы Парламент қолдайды деп үміттенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы Үкіметке кейінге қалдырылған мемлекеттік қаржының әлеуметтік және экономикалық қайтарымын бақылауды күшейту жөнінде ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Өз кезегінде Қаржы министрі Әлихан Смайылов бұл бағыттағы жұмыстар жөнінде баяндады.

«Мемлекеттік шығыстардың ұлғаюы мәселесі біздің жұмысымыздағы басымдықтардың бірі болып отыр. Былтырғы бюджеттің орындалуы мен Үкіметтің Парламенттегі есебін қорытындылай келе біз Жол картасын қабылдадық, онда Есеп комитетінің, Парламент мүшелерінің барлық ескертулерін назарға алдық. Жол картасы аясында маңызды шаралар кешенін әзірлеудеміз. Ең алдымен бюджет шығындарын жоспарлау бойынша бюджет заңнамасына өзгерістер енгізу, мемлекеттік бағдарламалар аясындағы барлық мемлекеттік қолдау шараларын қайта қарау, баға параметрлері шындыққа жанасу үшін бюджеттік жоспарлауды сатып алу бойынша ақпараттық жүйелерге жалғап, автоматтандыру», - деді Әлихан Смайылов.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы бюджетті түбегейлі қайта құруды тапсырды.

«Менің тапсырмаларыма жақсылап мән бердіңіздер ме? Бюджетті түбегейлі қайта құру керек. Қазір бюджетті мұқият қарар болсақ, қойылған тапсырмаға сәйкес келмейтін бағдарламалық мақалалар бар», - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Соңғы жаңалықтар