ҚР Президенті: Бізге жаңа формацияның полицейлері керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев полиция қызметінің жаңа формациясын құру қажеттігін мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Барлық артық тұстардан арылып, қылмыспен күреске және құқықтық тәртіпке жұмылу керек. Бөлімдер оңтайландырылып, соның арқасында бір адамның жетекшілігінде үш адамнан емес, бес адамнан айналатын болады. Штаттық сан 10 пайызға қысқарады. Аталмыш шаралар 100 мың адамға шаққанда полицейлерді 471-ден 424-ке азайтады. Бұл еуропалық деңгеймен теңдес екенін айта кету керек. Осының арқасында 16 миллиард теңге үнемделеді», - деді Мемлекет басшысы ішкі істер органдарының жұмысын жаңғырту мәселелері бойынша өткен отырыста.

Президент жаңғыртудың маңыздылығына тоқталып, кейбір құрылымдарды оңтайландыру және полицияның қызметіне сай келмейтін қызметтерді қысқарту мәселесіне назар аударды. Қазақстан Президенті осыдан үнемделген қаражатты қызметкерлердің еңбекақы жүйесін жақсарту және әлеуметтік қорғалуына бағыттау керектігін тапсырды. Президент сонымен бірге қосымша ішкі резервтерді іздеу бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге және тиімсіз әкімшілік шығыстарды қысқарту қажеттігіне тоқталды.

«Полицейлердің еңбекақысын арттыруға қосымша 21,4 млрд теңге жұмсалады. Оның бәрі де - халықтың ақшасы. Салық төлеушілердің қаражаты есебінен біз полицияны, армия мен соттарды ұстап отырмыз. Міне, сондықтан азаматтар құқыққорғау органдарының қызметкерлері өз міндетін лайықты атқаруын талап етеді», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев сонымен қатар қылмыспен күресіп, құқықтық тәртіпті қадағалап жүрген қызметкерлердің тұрғын үй мәселесін шешу жұмысына жеке тоқталды. Президенттің айтуына қарағанда, бұл шаралар қосымша білікті кадрларды тартуға мүмкіндік беріп, бөлімшелерді күшейтуге жол ашады. Мемлекет басшысы өз сөзінде полиция сапынан қызметкер кетіп қалған жағдайда оған берілген барлық жеңілдіктер алынып тасталатынын хабарлады.

«Бізге жаңа формацияның полицейлері керек. Кадрларды іріктеу, даярлау және алға жылжытудың жүйесі қайта қаралатын болады. Ведомстволық білімге үлкен өзгерістер енгізіледі. Даярлық сапасы әлемдік стандарттарға сай келетін заманға лайық полиция академиялары керек», - деді Елбасы.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы сондай-ақ полицияны реформалауға кідірместен кірісу қажеттігін атап өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар