ҚР Президенті Беларусьпен арадағы транзиттік-көліктік өзара іс-қимыл туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Ақордада Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен келіссөздерден кейін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудың мүмкіндігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Екіжақты қатынастарды дамытуда елеулі рөл транзиттік-көліктік өзара іс-қимылға тиесілі. Егерде Қазақстан Азияға шығатын қақпа болса, Беларусь - Еуропаға көпір. Бүгінде осы салада Біріккен көліктік-логистикалық компания сәтті жұмыс істеуде, оған Қазақстан мен Беларусь акционер болып саналады. Оның қызметі нәтижесінде соңғы үш жылда контейнерлік теміржол тасымалы Қазақстан мен Беларусь арқылы Қытай -Еуропа - Қытай бағытында 6,5 есеге жуық артты. Сондықтан барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, біздің өзара іс-қимылымызды ары қарай нығайта түсу керек. Бүгінде ІТ-саланы дамыту өзекті тақырыпқа айналып отыр», - деді ҚР Президенті.

Қ. Тоқаев Беларусь тарапына «Астана» халықаралық қаржы орталығы үлкен қызығушылық тудыра алатынын айтты.

«Тараптардың жинақталған тәжірибесін ескере отырып, біз бірқатар бірлескен жобаны жүзеге асыруды пысықтауға уағдаластық. Осы орайда біздің елдердің өңірлері арасында экономикалық байланыстарды белсенді дамытуға мүдделіміз», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің атап өтуінше, өңіраралық ынтымақтастық форумын өткізу мәселесін қарастыру ұсынылды.

«Өңірлер деңгейіндегі біздің ынтымақтастық табысты әрі жемісті болатынына сенімдімін», - деді Мемлекет басшысы.

Соңғы жаңалықтар