ҚР Президенті: Әскер сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым дайын болуға тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біздің әскеріміз және барлық Күштік құрылымдар сырттан келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге әрдайым сақадай-сай дайын болуға тиіс.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік нарадаларды тапсыру рәсімінде сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақта «Ел – ерлерімен еңселі» деген қанатты сөз бар. Біз – тұтас тарихы, қаһармандық дәстүрі қалыптасқан жұртпыз. Батыр бабаларымыз осынау кең байтақ жер үшін шайқасып, ұрпағына мирас етіп қалдырды. Ал, кешегі аталарымыз бен әкелеріміз сұрапыл соғыста жеңіске жетті. Біз өткеннен тағылым аламыз. Отан үшін, ел мен жер үшін жанын пида еткен боздақтардың рухына тағзым етеміз. Туған жердің шебін күзетіп, тұтастықты сақтау – әрбір азаматтың қастерлі парызы. Еліміздің тыныштығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету – қасиетті борыш, жоғары жауапкершілік. Халқымыз береке-бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың арқасында алаңсыз ғұмыр кешуде. Шын мәнінде, осы бейбіт өмірдің өзінде батырлық пен ерлікке орын бар. Ерлік уақыт талғамайды, себебі бұл қасиет Отаншылдықтан бастау алады»,-деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазіргі таңда бүкіл адамзатқа коронавирус дерті қатер төндіріп тұрғандығын, індетті тоқтатуға әскери қызметшілер мен күштік құрылымдар бір кісідей жұмылғандығын, соның арқасында ахуал айтарлықтай тұрақтанғанын атап өтті.

«Жалпы, әскери қызметшілерге жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттің айрықша назарында болады. Елімізде өз өмірін Отан қорғауға арнаған кәсіби мамандар аз емес. Бүгінгі марапат пен алғыс – барша әскери қызметшілерге, күштік құрылым қызметкерлеріне көрсетілген шынайы құрмет. Сіздердің отаншылдық рухтарыңыз, ең алдымен, жас ұрпақ үшін жақсы үлгі-өнеге. Олар сіздерге қарап бой түзейді. Сіздер ерен еңбек пен нағыз ерлікті паш етіп келесіздер. Жоғары мемлекеттік марапаттар Отан алдындағы қызметтеріңізге жаңа жігер береді деп сенемін. Бауыржан Момышұлы «Еліңді сүймей, ерлік жасай алмайсың» деген. Қазір ортамызда сын сағатта жанқиярлық көрсеткен бейбіт күннің батырлары тұр. Олардың қай-қайсысы да құрмет пен қошеметке лайық. Мерекеге орай, менің Жарлығыммен бір топ азамат жоғары мемлекеттік наградаға және әскери, арнаулы атаққа ие болды. Осы сапта Қарулы Күштердің және құқық қорғау саласының, арнайы органдардың өкілдері бар. Түптеп келгенде, бәріңіздің қызметтеріңіз ортақ, міндеттеріңіз бір. Бұл – ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар