ҚР Президенті Алматыда Мұз айдыны сарайының құрылыс барысымен танысты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Н.Назарбаев Алматыдағы Мұз айдыны сарайында болды.

Мемлекет басшысы Алатау ауданында салынып жатқан 12 мың орындық Мұз айдыны сарайының құрылыс барысымен танысты.

Бұл нысанда 2017 жылы Дүниежүзілік қысқы Универсиаданың ашылу және жабылу салтанаты өтеді.

Сондай-ақ, керлинг пен мәнерлеп сырғанау жарыстары да жалауын көтереді.

Мұз айдыны сарайын аралау барысында XXVIII Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы өткізу мен дайындық дирекциясының басшысы Әсет Әбдуәлиев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа халықаралық спорт шарасының ұйымдастыру жұмыстары туралы баяндады.

«Қысқы Универсиаданың басталуына бір жылдан аз уақыт қалды. Ұйымдастыру комитеті жарысқа дайындықтың белсенді кезеңіне көшті. Операциялық шаралар FISU халықаралық студенттік спорт федерациясының талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр», - деді Ә.Әбдуәлиев.

Дирекция таратқан мәліметке сәйкес, жарыс 8 нысанда 12 спорт түрі бойынша өтеді. Әлемнің 55 елінен 2 мыңға жуық спортшы келеді.

Шетелдік қатысушылар арнайы салынған атлетикалық ауылда қоныстанады. Бұл - сайыс тарихындағы спортшыларға арнайы салынған тұңғыш нысан.

Универсиаданың операциялық бюджеті 2 есе оңтайландырылып, 17 млрд. теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарындағы қазақстандық қамтудың үлесі 50 пайызға жетіп отыр.

Спорт жарысын ұйымдастыруға 3 мыңға жуық еріктілер тартылды.

Таныстыру барысында Әсет Әбдуәлиев 28 қаңтарда ресми сайтта онлайн-тіркеу акциясы басталғанын мәлім етті.

Осы уақытқа дейін 35 ел тіркелді.

***

Мұз аренасы 2017 жылғы 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада кешендері қатарына кіреді және 12 мың көрерменге арналған. Құрылыс-монтаж жұмыстарын 2016 жылғы қазанда аяқтау жоспарланған. Қазіргі кезде оның құрылысына 1,5 мың жұмысшы атсалысуда.

Соңғы жаңалықтар