ҚР Президенті Air Liquide компаниясының президенті Франсуа Жаковты қабылдады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Air Liquide компаниясының президенті Франсуа Жаковты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат БОРТ№1 Telegram каналына сілтеме жасап.

Президентке Air Liquide компаниясының Қазақстандағы жобаларының жүзеге асырылу барысы және алдағы жоспары жөнінде мәлімет берілді.

Франсуа Жаков Қасым-Жомарт Тоқаевқа техникалық газ өндіру саласына маманданған Air Liquide компаниясы бұған дейін Қазақстанда жалпы инвестиция көлемі 120 миллион еуро болатын бірнеше жобаны жүзеге асырғанын айтты.

Атап айтқанда, «Эр Ликид Мұнай Тех Газы» бірлескен кәсіпорны Атырау мен Павлодардағы мұнай өңдеу зауыттарының базасында техникалық газ өндірісін жолға қойып, Атырау облысындағы полипропилен өндіретін KPI.Inc газ-химия кешені үшін сығымдалған ауа мен азот өндіретін қондырғы салған.

Сонда-ақ Президент «Orano S.A» компаниясы Директорлар кеңеcінің төрағасы Клод Имовенді қабылдады.

Кездесу барысында атом өнеркәсібін дамыту мәселелері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның Қазақстанда атқарып жатқан жұмысының қазіргі нәтижелері мен алдағы жоспары таныстырылды.

Клод Имовен KATCO бірлескен кәсіпорны Қазақстанда бір жылда өндірілетін уранның 15 пайызын және әлемдік өндірістің 7 пайызын өндіретінін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Эммануэль Макронмен келіссөз барысында Қазақстан мен Франция арасындағы уран саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланғанын жеткізді.

Айта кетейік, кеше 29 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Францияға барды.

Тоқаевты Франция президенті Эмманюэль Макрон Елисей сарайында қарсы алды.

Мемлекет басшысы Эмманюэль Макронды Қазақстанға сапармен келуге шақырды.

Мемлекет басшысы Француз халықаралық қатынастар институтының президенті Тьерри де Монбриальмен және Франция Сенатының төрағасы Жерар Ларшемен кездесті.


Соңғы жаңалықтар