ҚР Президенті: Абай өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады.

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылған.

Автор онда Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масылдықпен күрес екенін айтады.

«Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салынбай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы еңбек арқылы шыңдап отыруды құп көреді. Сонымен қатар, орынды әрекеттің уайым-қайғыны жеңетінін дәлелдеп, масылдықпен күрестің психологиялық қырларына терең бойлайды. Қазір біз көп айтып жүрген эмоционалды интеллектіге де сол тұста назар аударды. Мақтан мен масылдық психологиядан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихаттаған»,-деп жазады Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ Президенттің жазуынша, Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал еңбегімен айналасына үлгі болуы керек.

«Халқымыз еңбектің қадірін біледі. Біз ата-аналарымыздың тылдағы ауыр еңбегі жеңіске жетелеген орасан күшке айналғанын ұмытқан жоқпыз. Қазір де қарапайым еңбек адамдарының үлгілі істері жетерлік. Жақында солардың біразы мемлекеттік наградалармен марапатталды. Ең бастысы, бүгінгідей бейбіт кезеңде әр азамат өзінің еселі еңбегі еліміздің экономикасын ілгерілетуге тікелей ықпал ететінін түсінуі қажет»,-дейді Қасым-Жомарт Тоқаев мақаласында.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының жазуынша, Абайды өз заманындағы іскерліктің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мотиваторы деуге болады. Ұлы ойшыл шығармаларында кәсіптен нәсіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйрену дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек етудің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақырады. Сонымен қатар ақын бастамашылдықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды. Мысалы, өзінің оныншы қара сөзінде «Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?», – деп тұжырым жасайды.

Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі «мал жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз үшінші қара сөз).

«Ұлы ақынның бұл ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймын. Сондықтан біз бүгінгі таңда шикізатқа тәуелділік психологиясынан арылуды, шағын және орта бизнесті барынша өркендетуді негізгі басымдықтың бірі ретінде белгілеп отырмыз»,-делінген мақалада.

«Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақала «Egemen Qazaqstan» басылымының бүгінгі санында жарияланды.





Соңғы жаңалықтар