ҚР Премьер-Министрінің орынбасары шымкенттік кәсіпкерлермен кездесті

None
None
ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Үкімет басшысының орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған үкіметтік топ Шымкенттегі іссапары аясында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағына барды, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында Гүлшара Әбдіқалықова «Алем БТ»ЖШС, «LuxShoes» бірлескен кәсіпорнында және «Бал текстиль» фабрикасының жұмыстарымен танысты.

Айта кетсек, арнайы экономикалық аймақта бүгінде 13 жоба іске асқан. Инвестицияның жалпы құны - 29,5 млрд. теңге. Нәтижесінде 1396 жұмыс орны ашылған. Олардың 1227-сіне бойынша көпбалалы отбасылардың өкілдері орналастырылды.

Бұдан соң вице-премьер Шымкенттегі «Қайнар» бизнес орталығында қаланың аудан әкімдерімен, кәсіпорындар мен мекеме басшылары және кәсіпкерлермен, кәсіподақ ұйымдарының өкілдерімен кездесіп, әлеуметтік әріптестікті дамыту және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері турасында жиын өткізді.

Гүлшара Әбдіқалықова Елбасының «Қазақстан әлеуметтік бағыттарды басымдыққа алу» тапсырмасын негізге ала отырып, қоғамда масылдыққа, енжарлыққа жол бермеу керектігіне тоқталды. Бизнес қауымдастықтары мен кәсіпкерлерге тұрмысы төмен отбасыларына барынша көмек көрсету керектігін айтып, олардың түйткілді мәселелерін дер кезінде шешуде белсенді болуға шақырды.

Еске салсақ, Шымкентте халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау мақсатында 2019 жылы қалалық бюджет қаражаты есебінен 100 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған, оның 30-ы - тұрғын үй құрылысы, 15-і - білім саласы, 36-ы - инженерлік инфрақұрылымдарды жаңғырту, 19-ы - көлік инфрақұрылымы бойынша.

Оларды орындау нәтижесінде 22 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ Шымкентте мамыр айында әлеуметтік жағдайы төмен 540 отбасыға пәтер берілмек. Оның ішінде көпбалалы аналарға 177 пәтер беру жоспарлануда.null null

Соңғы жаңалықтар