ҚР Премьер-Министрі Шымкентті дамытуға қатысты тапсырмалар берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Үкіметінің отырысында Шымкент қаласын дамытудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспары қабылданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шымкент қаласы Қазақстанның өнеркәсіптік, сауда-саттық және мәдени орталықтарының бірі саналатыны белгілі. Қала халқының саны бір миллионға жеткен кезде Елбасы Жарлығымен Шымкентке республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Осыған байланысты Үкімет пен қала әкімдігіне Шымкентті дамыту мен құрылыс салудың 2023 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп, бекіту тапсырылған болатын», - деп еске салды ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин.

Осы арада Үкімет басшысы қаланы одан әрі дамыту мақсатында бірқатар маңызды қадамдарға тоқталды.

Біріншіден, инвестициялық және экспорттық әлеуетті арттыру қажеттігі аталды. Шымкент қаласын дамыту жоспарын жүзеге асыру инвестициялар көлемін бес жылда 1 трлн теңгеге дейін жеткізуге мүмкіндік береді.

Екіншіден, көлік және инженерлік инфрақұрылымды одан әрі дамытуға қатысты келесі жылы әуежайдың және жолаушылар терминалының құрылысы, теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары аяқталуы тиіс.

«Тұрғын үй құрылысын дамытуды жалғастыру қажет. Осы ретте тұрғын үй құрылысын халықаралық стандарттар бойынша жүргізетін инвесторлардың тәжірибесін пайдалану керек. Тек «Шымкент Сити» жобасын іске асыру нәтижесінде 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Жалпы, кешенді жоспар бойынша тұрғын үй құрылысының көлемі кезең-кезеңмен 500 мың шаршы метрден 1 млн шаршы метрге дейін артып, баспанамен қамтамасыз ету бір тұрғынға 30 шаршы метр деңгейге дейін жеткізіледі. Осыған орайда Ұлттық экономика министрлігіне «Шымкент Сити» арнайы экономикалық аймақты құру жөніндегі ұсынысын қарастыруды тапсырамын», - деді Премьер-Министр.

«ТМД басшыларының шешімімен Шымкент қаласы 2020 жылы мәдени астана болып жарияланды. Бұл мәртебе қаланың одан әрі дамуына серпін береді. Осы ретте қала әкімдігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге тиімді шаралар жоспарын дайындауды жүктеймін», - деді ол.

Жалпы, аталған жоспарды іске асыру арқасында 2023 жылға қарай шаһардағы ЖӨӨ-ні 3,5 трлн теңгеге жеткізуге мүмкіндігі болады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2023 жылға дейін шаһарды дамытудың кешенді жоспарын таныстырды.

Соңғы жаңалықтар