ҚР Премьер-Министрі «Шереметьево» әуежайындағы оқиғаға байланысты көңіл айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Асқар Мамин Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевке Мәскеу қаласындағы «Шереметьево» әуежайына ұшақтың апатты қонуы салдарынан адамдардың қаза табуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды primeminister.kz.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің атынан және өзімнің атымнан қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына қайғырып көңіл айтамын, сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетулерін тілеймін», - делінген Үкіметтік жеделхат мәтінінде.

Ресейдің Шереметьево әуежайында болған ұшақ апаты жөнінде бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Өртенген Sukhoi Superjet 100 ұшағының бортында болған 78 адамның 37-сі ғана аман қалды. ҚР СІМ зардап шеккен және құрбан болғандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Склярдың айтуынша, Қазақстанда Ресейде өндірілген «SSJ-100» маркалы бір ғана бизнес ұшақ пайдаланылады.

«Бұл ұшақ жекеменшік компанияға тіркелген. Ал тұрақты бағдарларда бізде осы типтегі әуе кемесі пайдаланылып жүрген жоқ», - деді министр.

Соңғы жаңалықтар