ҚР Премьер-Министрі Бурабайда алдағы ТМД ҮБК мен Еуразиялық ҮАК отырыстары ауқымында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақмола облысының Бурабай кентінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов алдағы ТМД Үкімет басшылары кеңесі мен Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырыстары ауқымында бірқатар екіжақты кездесулер өткізді.

«Беларусь Премьер-Министрі Андрей Кобяковпен әңгімеде екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтасты дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ ықпалдастық бірлестіктері ауқымындағы өзара іс-қимылдың қырлары талқыланды», - делінген ҚР Премьер-Министрінің сайтында бейсенбі күні орналастырылған хабарламада.

Ресей Үкіметінің Төрағасы Дмитрий Медведевпен келіссөздерде сауда-экономикалық әріптестікті дамыту мен тереңдетудің кең ауқымды мәселелері қаралды, соның ішінде экономиканың басымдықты салаларындағы нақты жобаларды жүзеге асыру барысы талқыланды. Сондай-ақ ТМД және ЕАЭО ауқымындағы ықпалдастық үдерістерінің ағымдағы жай-күйі жөнінде пікір алысылды.

Молдова Премьер-Министрі Кирилл Габуричпен кездесуде экономиканың әртүрлі салаларындағы қазақстан-молдова қатынастарын жандандыру келешегі талқыланды. Тараптар іскерлік әріптестікті тереңдету үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.

Осы тақырып Қырғызстан Үкіметінің басшысы Темір Сариевпен келіссөздер барысында да жалғастырылды. Әңгімелесушілер экономиканың басымдықты салаларындағы сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту жайын талқылады, Қырғызстаннның ЕАЭО-ға кіруіне байланысты олардың келешегін атап өтті.

Кәрім Мәсімов сондай-ақ ТМД атқарушы хатшысы Сергей Лебедевпен кездесу өткізді, оның барысында Достастық қызметінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алысылды.

Соңғы жаңалықтар