ҚР Премьер-Министрі беларусьтік әріптесімен сауда-экономикалық байланыстарды талқылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Роман Головченкомен екіжақты келіссөз жүргізді. Бұл туралы ҚазАқпарат Үкімет басшысының сайтна сілтеме жасап хабарлайды.

Тараптар өзара сауда-экономикалық байланыстарды, өнеркәсіптік кооперацияны, агроөнеркәсіптік кешенді, құрылыс индустриясын одан әрі дамытудың бірқатар өзекті мәселелерін талқылады.

«Біздің елдеріміздің арасында барлық сала бойынша өзара тиімді ынтымақтастыққа ықпал ететін сенімді диалог жолға қойылған. Қазақстан-Беларусь қатынастарының негізгі өзегін сауда-экономикалық байланыстар құрап отыр», — деп атап өтті Ә. Смайылов.

2021 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымының өсімі 15,7%-ды құрады.

ҚР Премьер-Министрі атап өткендей, бұл көрсеткіштер екі елдің әлеуетін толығымен көрсетіп отырған жоқ, өзара сауданың тұрақты өсуін қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігер жұмсау қажет.

Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі – агроөнеркәсіптік кешен. Өзара сауда көлемін АӨК өнімдері арқылы бірлесіп ұлғайтудың маңызы зор. Қазақстандық тарап бірлескен жұмыс үшін ең қолайлы жағдайларды жасауға дайын.

Сонымен қатар Қазақстан мен Беларусьтің өнеркәсіптік кооперациясының негізгі бағыттарының бірі – машина жасау. Мүмкіндіктерді ескере отырып, қазақстандық тарап өндірісті барынша жергіліктендіруге мүдделі.

Өз кезегінде Беларусь Республикасының Премьер-Министрі Р. Головченко Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықтың барлық кезеңінде ешқашан күрделі сәттер орын алмағанын атап өтті.

«Екі ел арасында ешқандай қарама-қайшылықтар, шешілмеген мәселелер жоқ, біз тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз және ұстанымдарымыз ортақ. Біз маңызды сауда-экономикалық әріптеспіз. Мәселен, 2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы алғаш рет миллиардтық көрсеткіштен асты. Екі ел Үкіметтерінің және бизнес-орталарының қарқынды жұмысының нәтижесінде осындай жетістіктерге қол жеткіздік», — деді Р. Головченко.

Соңғы жаңалықтар