ҚР ПІБ Медорталығының нейрохирургы Өзбекстанда күрделі операция жасады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығының ауруханасы директорының орынбасары, белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев Ташкенттегі Республикалық шұғыл медицина орталығында Қазақстан азаматына күрделі операция жасады.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Президентінің Іс Басқармасы баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, бір ай бұрын Кентау қаласы тұрғынының миына қан құйылып, маңдай бөлігінде ісік пайда болған. Сөйтіп науқасқа тез арада операция жасалып, ісік алынған болатын. Алайда отадан кейін оның жағдайы оңалмай, қосымша ем алу үшін Ташкентке жеткізілген. Өзбекстандық мамандар компьютерлік томография ангиографиясының нәтижесінде оған шұғыл операция жасау керектігін анықтады.

Көп ұзамай ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы директорының орынбасары, әйгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев көрші елдегі әріптестерінің шақыруымен Ташкентке барды. Ол науқастың еміне қатысты өзбекстандық әріптестеріне консультация беріп, науқасқа күрделі ота жасады.

Операция сәтті өтті. Қазіргі таңда науқастың жағдайы бірқалыпты және ол ташкенттік дәрігерлердің бақылауында.

«ҚР Президентінің Іс Басқармасы Медициналық орталығы мен Ташкенттегі Республикалық шұғыл медицина орталығы арасында бұған дейін меморандум жасалғанын айта кетейік. Соның аясында екі елдің дәрігерлері өзара тәжірибе алмасып, күрделі операция жасап тұрады»,-делінген хабарламада.


Фото: udp-rk.kz


Соңғы жаңалықтар