ҚР Парламенті Сенатында Қазақстан-Литва парламентаралық ынтымақтастығы мәселелері талқыланды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Сенатында Төрағаның орынбасары Асқар Шәкіров Литва Республикасының Сыртқы істер министрі Габриэлиус Ландсбергиспен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тараптар кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық деңгейін жоғары бағалады және халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге ортақ көзқарастар мен халықаралық ұйымдар аясында өзара нәтижелі іс-қимыл бар екенін атап өтті.

«Қазақстан депутаттары Литва парламентшілерімен екіжақты, сондай-ақ көпжақты негіздерде, оның ішінде ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясы мен Парламентаралық Одақ аясындағы байланыстарды дамытуға мүдделі болып отыр. Біз екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жәрдемдесуге дайынбыз. Транзит-көлік саласы – осы ынтымақтастықтағы маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Бұл тұрғыда Сіздердің елдеріңіз қазақстандық тауарларды ілгерілету үшін ерекше ықылас туғызады», - деді Асқар Шәкіров.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елді одан әрі демократияландыруға және азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейтуге бағытталған ауқымды саяси жаңғырту бағдарламасы туралы шетелдік дипломат хабардар етілді.

Габриэлиус Ландсбергис Қазақстанда жүргізіліп жатқан стратегиялық реформаларды жоғары бағалады және Литваның жан-жақты ынтымақтастықты, оның ішінде парламентаралық байланыстарды одан әрі дамытуға әзір екенін жеткізді.


Фото: senate.parlam.kz

Соңғы жаңалықтар