ҚР Парламенті Сенаты бағалау қызметіне арналған жобаны Мәжіліске қайтарды

None
None
АСТАНА. Қыркүйектің 10‑ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне бағалау қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда қаралып, құжатқа өзгерістер енгізілгендіктен Мәжіліске қайтарылды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мәжіліс мақұлдаған аталған заң жобасының мақсаты еліміздегі бағалау қызметі нарығын жетілдіру болып табылады. Нақтырақ айтқанда, құжат мүлікті бағалау субъектілерінің өзін‑өзі реттеу жүйесіне көшуді көздейді. Осыған байланысты өзін‑өзі реттейтін және барлық бағалаушыларды өз құрамына біріктіретін бағалаушылар палатасын құру ұсынылады. Бұндай ұйымдарды құру бағалаушылардың оған міндетті түрде мүше болуын талап етеді. Демек мүлікті бағалау шарасы бағалаушылар палаталары арасында жүйелі түрде тәртіпке келуі тиіс», деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған сенатор Ермек Жұмабаев.

Оның айтуына қарағанда, заң жобасы бойынша бағалаушылар бағалау қызметінде уәкілетті орган бекіткен стандарттармен қатар халықаралық стандарттарды пайдалануға құқылы болады. Сонымен бірге, дағдарыс салдары бағалау қызметі саласында қалыптасқан қателіктерді айқын көрсеткен.

Жобаны талқылау барысында Сенат депутаттары Мәжіліс мақұлдаған құжатқа бірқатар өзгерістер енгізді. Бұндай өзгерістер бес ұстаным бойынша енгізіліп отыр. Атап айтқанда, сенаторлар бағалаушы заңды тұлғаның уәкілеттік берген адамы мен тапсырыс беруші арасында жақын туыстық немесе жекжаттық қарым‑қатынас болған жағдайда нысанды бағалауға тыйым салуды көздейтін толықтырулар енгізді.   Түзетулердің тағы бір парасы бағалаушылар палатасының мүшесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде іс қозғауға қатысты болып табылады.

Соңғы жаңалықтар