ҚР ОСК үш облыстан Сенат депутаттығына 18 үміткерді тіркеді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Орталық сайлау комиссиясында Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан Парламент Сенатына депутаттар сайлауын ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөнінде отырыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Отырысқа Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарының аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары қатысты.

Отырыстың күн тәртібінде үш мәселе қаралды:

- Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу қорытындылары;

- Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлау жөніндегі дауыс беруге арналған сайлау бюллетеньдерін дайындау;

- Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарынан ҚР Парламенті Сенатының депутаттарын сайлауды өткізу кезінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының интернет-ресурсы функционалын пайдалану регламентін бекіту.

Мәлім етілгендей, барлығы 6 мандатқа үш өңірден 33 кандидат ұсынылды. Барлық кандидат өзін-өзі ұсыну тәртібімен ұсынылған, оның ішінде Жетісу облысында 2 кандидатты осы облыстың Алакөл және Кербұлақ аудандық мәслихаттары ұсынды. Жетісу облысында 1 кандидат және Абай облысында 1 кандидат тіркелгенге дейін өз өтініші бойынша кандидатураларын алып тастады. Қалғаны – 31 үміткер.

Алайда, 2022 жылғы 3 тамыздағы жағдай бойынша тіркеуден 18 кандидат (әр облыстан 6 адамнан) қана өткен. Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеу 3 тамызда сағат 18.00-де аяқталды.

Қызмет салалары бойынша: 11-і әкімдер мен мәслихаттар аппараттарының қызметкерлері; 4-і коммерциялық құрылымдардың қызметкерлері; 3-і мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың қызметкерлері.

Партияға қатыстылығы бойынша: 14-і «AMANAT» партиясының мүшелері; 4-і партияға қатыстылығын көрсетпеген.

Гендерлік құрамы бойынша: 5 әйел және 13 ер адам.

Сайлау бюллетеніне мемлекеттік тілдің әліпбилік ретімен кандидаттың тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе) көрсетіледі. Сондай-ақ «Бәріне қарсымын» жолы енгізіледі.

Сайлау туралы Конституциялық заңның талаптарына сәйкес сайлау бюллетеньдері орналасқан үй-жайға мөр басылады және ішкі істер органдарының күзетіне тапсырылады.

Сайлау туралы Конституциялық Заңның 24, 25, 26-баптарына сәйкес Парламент Сенаты депутаттарын сайлау жөніндегі таңдаушылардың тізімрін облыстық мәслихат хатшысының ұсынуы бойынша облыстың аумақтық сайлау комиссиясы жасайды.

Таңдаушылар тізіміне облыс аумағында орналасқан мәслихаттардың барлық депутаттары енгізіледі.

Сенат депутаттарын сайлау ҚР Президентінің Жарлығымен 24 тамызда өтеді.


Соңғы жаңалықтар