ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров ЕО-тың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускаспен кездесті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2022 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Кестутис Янкаускаспен кездесті.

Кездесуге ҚР ОСК хатшысы Ерман Мұхтар Тілдәбекұлы және Елшінің орынбасары Мачей Мадалински қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ОСК-ның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында ҚР ОСК Төрағасы ЕО-тың Қазақстандағы Елшісін Орталық сайлау комиссиясының қызметі, ашықтық саясатын іске асырудың жаңа тәсілдері, сайлау процесіне қатысушылары және халықаралық қоғамдастық өкілдерімен ынтымақтастықты кеңейту туралы хабардар етті.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына жолдауына, атап көрсеткен, сайлау жүйесін жаңғыртуға ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ, Елші Кестутис Янкаускас Ортсайлауком басшылығының өңірлердегі жұртшылықпен кездесулерін өткізу форматымен, сайлау процесінің негізгі мәселелері бойынша жастар арасында онлайн-сауалнама жүргізу тәжірибесімен, ҚР ОСК интернет-ресурсының функционалымен танысты.

Кездесу қорытындысы бойынша сындарлы диалогты жалғастыру және ҚР ОСК-ның Қазақстан Республикасындағы Еуропалық Одақ өкілдігімен ынтымақтастығын кеңейту, тәжірибе мен ақпарат алмасу, ЕО елдерінің сайлауды өткізудің үздік практикасын зерделеу, бірлескен іс-шаралар өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.


Соңғы жаңалықтар