ҚР ОСК басқа қалада жүрген сайлаушылар қалай дауыс беретінін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін дайындау, беру және есепке алу тәртібі баяндалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ОСК төрағасының орынбасары Константин Петров өз баяндамасында заңнамада сайлау күні тұрғылықты жері бойынша келуге мүмкіндігі жоқ болғанымен, азаматтарда дауыс беруі қарастырылғанын хабарлады.

«Жалпы жұрттың танысуы үшін сайлаушылар тiзiмдерiн ұсыну мен сайлау күні арасындағы кезеңде сайлаушы өзінің болатын орнын ауыстырған кезде учаскелiк сайлау комиссиясы сайлаушыға дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін табыс етедi. Ағымдағы кезектен тыс сайлау кезінде ОСК дайындалған, учаскелерге жіберілген, пайдаланылған және пайдаланылмаған есептен шығару куәліктерінің санын есепке алу және бақылау бойынша іс-шараларды қабылдады. Дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беру және есепке алу қағидаларына енгізілген түзетулерге сәйкес, өңір бойынша аумақтық сайлау комиссиялары (АСК) сайлаушы азаматтарының бірыңғай электрондық тізіліміне сай сайлаушылардың жалпы санының 1 пайызынан аспайтын есептен шығару куәліктерін дайындауды қамтамасыз етеді, сондай-ақ ол туралы бір күн ішінде Орталық сайлау комиссиясына хабарлайды», - деді К. Петров.

Сонымен бірге, АСК қосымша қажеттілік туындаған жағдайда ОСК келісімімен жазбаша түрде себептерін көрсете отырып, дауыс беру басталғанға кемінде үш күн қалғанда қосымша есептен шығару куәліктерін дайындау туралы шешім қабылдайды.

«Бұл ретте облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары есептен шығару куәліктерін дауыс беру күніне кемінде жиырма күн бұрын (20 мамыр) төмен тұрған аумақтық сайлау комиссияларына бөледі және жібереді, ал төмен тұрған аумақтық сайлау комиссиялары есептен шығару куәліктерін дауыс беру күніне кемінде он алты күн бұрын (24 мамыр) учаскелік сайлау комиссияларына бөледі және жібереді. Есептен шығару куәліктерін беру жоғарыда көрсетілген қағидаларға сай нысан бойынша қабылдау-беру актісімен ресімделеді, оған жоғары тұрған және төмен тұрған сайлау комиссияларының төрағасы, сондай-ақ хатшысы қолдарын қояды, кейіннен олардың мөрлерімен расталады. Учаскелік сайлау комиссиясы дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін беруді сайлаушының тіркелген орны бойынша жүзеге асырады. Бұл ретте сайлаушылар тізімінде тиісті белгі қойылады», - деді ОСК төрағасының орынбасары.

Мұнымен қоса ол бір елді мекеннің шегіндегі басқа сайлау учаскесінде дауыс беруге қатысқысы келетін сайлаушыларға есептен шығару куәлігі табыс етілмейтінін атап өтті.

«Есептен шығару куәлігі сайлаушыға оның есептен шығару куәлігін алу жөніндегі өтініші негізінде (не оның өкіліне сенімхат бойынша) оның жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуі бойынша беріледі. Учаскелiк сайлау комиссиясына келіп түскен өтініш бойынша есептен шығару куәлігін толтыруды комиссияның төрағасы немесе мүшесі сайлаушының қалауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілінде жүргізеді. Есептен шығару куәліктерін беру дауыс берілетін күннің алдындағы күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де тоқтатылады», - деп нақталады Петров.

Атап айтқанда, дауыс беру құқығын беретiн есептен шығару куәлігін көрсеткен кезде, учаскелiк сайлау комиссиясы дауыс беретін күнi сайлаушыны оның келген орны бойынша сайлау учаскесiндегi сайлаушылар тiзiміне енгізедi. Пайдаланылмаған есептен шығару куәліктерін тиісті учаскелік сайлау комиссиясы дауыс берілетін күннің алдындағы күні сағат 18:00-ден кейін жоюға тиіс және дауыс берудің қорытындылары шығарылған соң, жоғары тұрған сайлау комиссиясына береді.

Аудандық, қалалық, қаладағы аудандық сайлау комиссиялары тиісті жоғары тұрған сайлау комиссияларына пайдаланылмаған есептен шығару куәліктерін жою туралы актілерді қоса тіркей отырып, есептен шығару куәліктерінің пайдаланылғаны туралы есеп береді.

Соңғы жаңалықтар