ҚР Омбудсменіне қай өңірдің тұрғындары көбірек шағымданады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіровтің елдегі адам құқықтарының ахуалы туралы жыл сайынғы есебі таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Омбудсмен есептік жылы денсаулық сақтау, азаматтардың тұрғын үй құқықтарын қорғау, балалар мен қоғамдағы басқа да осал топтардың құқықтарын қамтамасыз ету, құқыққорғау және сот жүйесін реформалаудың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті.

2018 жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге 1811 азамат құқықтары бұзылғаны жөнінде шағымданған. Өтініштердің басым бөлігі Астана және Алматы қалаларынан, Ақмола, Қарағанды, Қостанай облыстарынан келіп түсті.

Мемлекеттік, оның ішінде құқыққорғау органдарының лауазымды тұлғаларының іс-әрекеттеріне және әрекетсіздігіне (28%), сот шешімдерімен келіспеу (26%) және әлеуметтік құқықтардың бұзылуына (17,5%) қатысты шағымдардың көрсеткіштері жоғары болып қалып отыр.

«Адам құқықтарының өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар Омбудсменнің Үкіметке, Жоғарғы сотқа, Бас прокуратураға және басқа да мемлекеттік органдарға жіберген үндеулерінде көрініс тапты.

Жоғарыда аталған ұсынымдарға жеке мемлекеттік органдардың уақытылы және сындарлы түрде жауап бермеуі, осы мәселе бойынша тікелей Премьер-Министрге жүгінуге себеп болды. Тұтастай алғанда, ұлттық құқық қорғау мекемесінің Үкіметпен өзара іс-қимылының тиімділігі оң бағаланды», - делінген баспасөз баянында.

Жыл сайынғы есеп бұдан ертерек Мемлекет басшысының қарауына ұсынылды. Оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға қажетті шаралар қабылдау үшін тиісті тапсырмалар берілді.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, академиялық ортаның және Қазақстанда тіркелген дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты.

Соңғы жаңалықтар