ҚР мен ЕО арасындағы визалық рәсімді жеңілдету шешімін табады деп сенеміз - Елбасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық рәсімді жеңілдету мәселесі лайықты шешім табады деп сенеміз. Бүгін Ақордада бірқатар шетелдің Қазақстанға жаңадан тағайындалған Төтенше және Өкілетті Елшісінен сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық әріптестікті дамытуға ерекше көңіл  бөліп келеді. Дипломатиялық байланыс орнаған сәттен бері біз тату көршілік және өзара түсіністік рухында дамып келе жатқан мемлекетаралық қатынастың үлгілі моделін құрдық. Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинь мырзамен жиі өтіп тұратын тұрақты кездесулеріміз соның айқын белгісі», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы биылғы маусымда Қытайға жасаған мемлекеттік сапары және оның барысында қол жеткізілген уағдаластықтар екі-жақты қарым-қатынастардың деңгейі жоғары екенін тағы да көрсететіндігін баса айтты.

«Қазіргі кезде екі елдің үкіметтері өзара келісімдерді жүзеге асыру үшін белсенді жұмыс атқарып жатыр. Атап айтқанда «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын, Жібек жолы экономикалық белдеуі бастамасыменен ұштастыру жөнінде ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөліп отыр», - деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті еліміздің Еуропалық одақпен қарым-қатынасы сындарлы диалогқа, сеніммен өзара құрметке негізделген баса айтты.

«Биыл еліміздің Еуропалық одағымен дипломатиялық  қатынас орнатқанына 25 жыл толды. Қазіргі басты міндетіміз  - 2015 жылы қол қойылған Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтамақтастық туралы келісімді қолданысқа енгізу, сондай-ақ Брюссельдің Орталық Азия елдеріне қатысты жаңа стратегиясын әзірлеуге күш жұмылдыру. Бұған қоса Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық рәсімді жеңілдету мәселесі лайықты шешім табады деп сенеміз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы Испания Қазақстанға стратегиялық әріптес мемлекеттердің бірі екендігін атап өтті.

«2017 жылы маусым айында Ұлы мәртебелі Испания королі VI Филиппенің Астанаға алғашқы ресми сапармен келгені және ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің ашылуына қатынасқаны есімізде. Бұрыннан келе жатқан сенім мен әріптестікті жалғастырғаны үшін ризашылығымды Король мырзаға білдеремін. Өзара уағдаластығымызды жүзеге асыру, экономика және өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық комиссия және іскерлік кеңес зор үлес қосады», - деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев  Қазақстан мен Израиль арасындағы байланыстар достық пен өзара түсіністік рухында қарқынды дамып келе жатқанын айрықша атап өтті.

«2016 жылы Израиль Премьер-Министрі Биамин Наху мырзаның Астанаға ресми сапары және соның барысында өткен бизнес форум өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейтуге тың серпін берді. Біз Израильмен түрлі салаларда ынтымақтастықты нығайтуға мүделіміз. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, инновациялық технологияға, денсаулық сақтау салалары басты үш бағыт болып саналады»,  - деді Елбасы.

Мемлекет басшысы ширек ғасыр ішінде Қазақстан мен Словакия арасында ынтымақтастық, екі жақты қарым-қатынас халықаралық ұйымдар аясында нығая түскенін айтты.

«Сауда-экономикалық байланыстардың артуына экономиканың, ғылыми техниканың ынтымақтастығы жөніндегі үкімет аралық комиссияның белсенді қызметі де септігін тигізіп отыр. Алдағы уақытта бізде екі жақты тауар айналымын ұлғату, экномикалық өзара әрекеттестіктің жаңа бағытын айқындау қажет болады», - деді Елбасы.

Сөз соңында Мемлекет басшысы дипломаттарды Қазақстандағы мәртебелі әрі жауапты дипломатиялық қызметтерінің басталуымен шын жүректен құттықтады.

«Сіздердің жаңа миссияларыңыз елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты дамытуға септігін тигізеді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, мол табыс тілеймін. Қазақстандағы күндеріңіз сәтті болсын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысына Словакия Елшісі Милан Коллар, Испания Корольдігінің Елшісі Давид Артуро Карриедо Томас, Қытай Елшісі Чжан Сяо, Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссон, Израиль Елшісі Лиат Вексельмани сенім грамотасын табыс еткен болатын.

 

Соңғы жаңалықтар