ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің сарбазы Рим Папасы Францискпен кездесті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі Айрықша мақсаттағы күштері 0112 әскери бөлімінің мерзімді қызмет сарбазы Николай Вайнбергер Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі кезінде Рим Папасы Францисктің қабылдауында болды.

Бұл туралы ҚазАқпарат ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Понтифик әскери қызметшіге мемлекет қауіпсіздігін қорғауға қатысатыны үшін алғыс білдіріп, батасын берді, оған және жақындарына денсаулық тілеп, әскери қызметін сапалы атқаруына тілектестік білдірді. Рим Папасы Николайға өзінің естелік медалін, крест сыйлап, қолын қысты.

Католиктік сенімдегі Николай Вайнбергер понтификпен кездесуін өз өміріндегі ең маңызды оқиғалардың бірі деп санайды.

«Маған осындай мүмкіндік берілгені үшін алғысым шексіз», - дейді ол.

Николай - Қостанай облысының тумасы, ол Айрықша мақсаттағы күштер қатарына 2022 жылғы көктемде шақырылған. Әскери міндетіне кіріскеніне көп уақыт өте қоймаса да, рәсімдік шараларды атқаруға қатысып жүр. Мысалы, ол елімізге келетін жоғары лауазымды қонақтарды әуежайда күтіп алатын «қарсы алушы сапта» тұрады. Командирлері тарапынан Николай тәртіпті және жауапты сарбаз ретінде бағаланады.

Ол отбасында католиктік сенімнің дәстүрлерін және кейбір салттарын сақтайтындарын айтты.

«Әрбір жексенбі сайын біз дұға оқып, өзімізге және жақындарымызға денсаулық пен жайлы өмір сұраймыз, сонымен қатар, елімізде және әлемде бейбітшілік болуын тілейміз», - деп сыр бөлісті Николай.

Николайдың ата-анасы үшін баласының Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі қатарында жүріп Рим Папасының батасын алуы – ерекше маңызды оқиға, ал сарбаздың өзі үшін бұл ерекше жайт әскери қызмет міндеттерін алдағы уақытта да жауапты және абыройлы атқаруға серпін берері сөзсіз.




Фото : gov.kz


Соңғы жаңалықтар