ҚР Мемлекеттік хатшысы шопандар күнін өткізу ұсынысына қолдау білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы тиіс. Бұл туралы Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдығына арналған «Қазақстанның қой шаруашылығы: өткені, бүгіні және келешегі» тақырыбындағы конференцияда ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуы тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін, тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніс пен майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бетбұруымыз керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялармен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет», - деді Қырымбек Көшербаев.

Осы ретте Мемлекеттік хатшы «Шопан ата» ұлттық қой өсірушілер қауымдастығының мал шаруашылығы саласында қой өсірушілерге бағытталған ақпараттық платформасына назар аудараруды баса айтты. Бұл платформа қойшы қауымның мұң-мұқтажын ортаға сала отырып, жан-жақты тәжірибе алуға бағытталғанын атап өтті.

«Шопан қауымының мәртебесін көтеру жолында шопандар күнін өткізу туралы ұсыныс құптарлық бастама. Ұлттық қой өсірушілер қауымдастығында бүгінгі таңда 100-ден астам шаруа қожалығы тіркелген. Бұл шаруашылықтардың артында көптеген шаруалар тұр деген сөз. Қазақтың болмысы тұр, қазақтың дәстүрі тұр деп айтуымыз керек.

Ұлы Абайдың: Сенбе жұртқа, тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішіне қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Еңбегің мен ақылың екі жақтап», деген сөзін әрбір отандасымыз жадында ұстаса екен. Себебі, масылдық бір ғана адамның ғана мәселесі емес. Керісінше, біртұтас мемлекет үшін үлкен проблема. Сондықтан әрбір азамат өзінің ақылына сүйеніп, еңбегіне сеніп өмір сүрсе, сонда Тәуелсіздігіне 30 жыл толған Қазақстанның қарқынды дамуы мен өркендеуіне жол ашылады деген сөз», - деді Мемлекеттік хатшы.


Соңғы жаңалықтар