ҚР Мемлекеттік хатшысы мәдениет және өнер қайраткерлеріне Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды табыс етті (ФОТО)

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша белгілі мәдениет

және өнер қайраткерлеріне 2014 жылғы Президенттік және Мемлекеттік стипендияларды табыс етті. 2014 жылдың қорытындысы бойынша отандық мәдениетті дамытуға қосқан үлесі үшін әдебиет пен өнер саласындағы 100 қайраткерге стипендиялар тағайындалды.

Олардың қатарында Олжас Сүлейменов, Мырзатай Жолдасбеков, Бибігүл Төлегенова, Ескендір Хасанғалиев, Владимир Толоконников, Асанәлі Әшімов, Юрий Померанцев, Шерхан Мұртаза, Әкім Тарази, Анатолий Молодов тағы басқа қайраткерлер бар.

Сонымен бірге Алан Бөрібаев, Еркебұлан Дайыров, Әйгерім Бекетаева, Жанель Төкеева, Әлия Телебарисова, Қасымхан Бұғыбай және өзге де жас дарындар Мемлекеттік стипендияға ие болды.

Мемлекеттік хатшы рәсімді аша отырып, ҚР Халық әртісі Ескендір Хасанғалиевті 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, Мемлекет басшысының құттықтауын жеткізді.

«Сіздерді отанымыздың мәдениеті мен әдебиетінің деңгейін танытатын ақыл-парасаты деп танимыз. Сіздерді барынша бағалаймыз. Елбасы отандық мәдениетті қолдау көрсетіп, шығармашылық адамдарына демеу көрсетіп келеді. Былтыр өздеріңізге белгілі Елбасы тапсырмасы бойынша мәдени саясатының ұзақ мерзімді даму тұжырымдамасы қабылданды. Тұжырымдама ел мәдениеті дамуының стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды құжат. Қазақстанның жаңа әдебиеті мен мәдениетін жаңа биіктерге көтеру міндеті тұр»,- деді Мемлекеттік хатшы Г. Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы мәдениет пен өнер қайраткері Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауын іске асыруда сүбелі үлестерін қосатынына сенім білдірді. Г.Әбдіқалықова күнделікті әрі қажырлы шығармашылық еңбек мәдениет пен өнерді дамытумен қатар экономикалық өсудің, инновацияның және адами дамудың негізгі ресурстарының біріне айналдыратынын айтты.

Соңғы жаңалықтар