ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Алматыда бірқатар мәдени мекемелердің ұжымдарымен кездесті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыдағы жұмыс сапары барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова бірқатар мәдени орындардың ұжымдарымен кездесті.

Бүгін Астанадан келген делегация Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының ұжымымен жүздесіп, өнер және мәдениет саласындағы көкейкесті мәселелерді талқылады.

«Бүгін Мемлекеттік және Президенттік стипендия иегерлерімен өте жылы жүздесу болды. Соның ішінде мәдениет және өнер ордасы болып отырған Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрын аттап өтуге жүрегіміз дауаламады. Қазіргі таңда мәдениет саласына үлкен мән беріліп отыр. Өздеріңіз білесіздер, былтыр Қазақстанның мәдени саясатының тұжырымдамасы қабылданды. Оның ішінде сүбелі үлес театр қайраткерлерінің еншісінде. Жалпы, елдің экономикалық деңгейі мәдениетінің дамуынан көрініс береді. Кез келген ел мәдени дамуымен бағаланады. Сіздер біздің еліміздің мерейін арттырып, әлемге танымал етіп жатырсыздар», - деді Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесу барысында театр труппасының өкілдері Мемлекет басшысына мәдениет саласына көңіл бөліп отырғаны үшін алғысын айтып, өздерінің көкейкесті мәселелерімен бөлісті. Атап айтқанда, балет бишілерінің зейнеткерлік жасы, театр мамандарының материалдық жағдайын жақсарту, баспанамен қамту, үрлемелі аспап әртістерін мемлекеттік сыйлықтармен ынталандыру мәселелері сөз болды.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Абай атындағы опера және балет театрының Қазақстан өнеріндегі алатын сүбелі үлесі туралы айтып өтті.

Кездесу барысында Гүлшара Әбдіқалықова Алматы қаласындағы шығармашылық ұжымдарының еліміздің мәдени өмірінің дамуына және театрдың бүгінгі жастардың белсенді азаматтық ұстанымын, тұлғалық қасиеттерін қалыптастыруға қосып жатқан елеулі үлесін атап өтті.

Мәдениет саласындағы елеулі оқиғалардың бірі Мемлекет басшысының ҚР мәдени саясатының ұзақ мерзімді тұжырымдамасын әзірлеу туралы тапсырманы іске асыру болды.

Мемлекеттік хатшы шығармашылық өкілдерін Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының, ҚР Конституциясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңіске 70 жыл толуы, Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында өткізілетін іс-шараларға белсенді атсалысатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, бүгін Гүлшара Әбдіқалықова мен ҚР Мәдениет және Спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Алматыдағы республикалық неміс драма театрының, Қ.Құжамияров атындағы республикалық мемлекеттік ұйғыр музыкалық комедиялық театры, республикалық мемлекеттік неміс музыкалық комедиялық театрының, сондай-ақ қаланың әйелдер қауымдастығы өкілдерімен кездеседі.

Соңғы жаңалықтар