ҚР Конституциялық Кеңесі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауын жариялады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» ҚР Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауы жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми атап өткендей, Конституция - егемендігімізді паш ететін, азаматтағымызды айқындайтын маңызды құжат және татулықты ту еткен елдігіміздің алтын қазығы. Ата Заңды құрметтеу, бұлжытпай орындау - алға қойылған биік мақсаттарға қол жеткізудің алғышарты. Мемлекет басшысы өкілеттігінің көшуі, ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы Конституцияның талаптарына қатаң сәйкестікте өтті.
null

Сонымен қатар ол мемлекеттілік дамуының жаңа дәуірінде мемлекеттің және азаматтардың ең басты міндеті Конституцияның ережелері мен нормаларын құрметтеу әрі жүзеге асыру екенін ерекше атап өтті.

Конституциялық бақылау органының жолдауында Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімдерін орындауда жағымды үрдістер байқалады.

Мәселен, оның құқықтық ұстанымдарын іске асыру үшін жыл басында заңнамада мемлекет мұқтажы үшін мүлікті күштеп айыру кезінде оның құнын өтеу бұрынғыдай кадастрлық немесе шарттық емес, нарықтық бағасы бойынша жүзеге асырылатыны бекітілді. Атқарушылық іс жүргізуде күштеп әкелуді қолдану тәртібі егжей-тегжейлі реттеліп, оны қолдану процесінде мемлекеттік органдар өкілеттіктерінің ара-жігі ажыратылды. Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің, халықтың көші-қоны саласындағы қоғамдық қытанастарды реттейтін заңның жобалары, сондай-ақ нормашығармашылық процесті жетілдіруге, заңнаманы жүйелеуге және құқық қолдануды жақсартуға бағытталған шаралар әзірленді. Заңнамалық актілердің бір-біріне қайшы келетін және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзуға жағдай жасайтын ережелерді алып тастау бойынша жұмыс жалғасуда.

Конституциялық іс жүргізу практикасын және заңнаманы дамытудың қазіргі заманғы трендтерін талдауды ескере отырып, Конституциялық Кеңес елімізде құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайту бойынша нақты ұсыныстар енгізді.

Конституциялық Кеңес заңнамалық массивті конституцияландыру деңгейін арттыру қажет деп пайымдайды. Ұсынымдардың бірқатары адам құқықтарын қорғау мәселесіне қатысты. Бұл әйелдердің және балалардың заңды мүдделерін қорғауды күшейту, меншік құқығына қол сұғылмаушылық кепілдіктерін нығайту, сот ісін жүргізудің барлық түрлерінде мәжбүрлеу шараларын қолдану тәртібін жетілдіру, қылмыстық процесте жекеше айыптау істері бойынша жәбірленушілердің құқықтарын кеңейту және басқа да ұсыныстар қамтылған. Қайрат Мәми соттардың қолданысқа енгізілген құқықтық актілердің конституциялылығын тексеру туралы ұсыныстармен Конституциялық Кеңеске жүгіну мүмкіншілігін кеңінен пайдалану қажеттігі туралы айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысын шақыру туралы Өкімге қол қойған болатын.

Соңғы жаңалықтар