ҚР Конституциялық Кеңесі конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жолдауын жариялады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысында «Қазақстан Республикасындағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» ҚР Конституциялық Кеңесінің жыл сайынғы жолдауы жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Өткен жылғы жолдау жарияланғаннан бергі бір жыл ішінде елімізді қоғамдық-саяси жаңғырту бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылып, конституциялық құндылықтарды одан әрі байытуға және Қазақстан Республикасы Конституциясының тиімділігін арттыруға ықпалын тигізген айтулы оқиғалар орын алды.  Бұл уақыт Қазақстанның мемлекеттілігі және оның дамуы үшін Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 10 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы арқылы жүргізілген конституциялық реформаны іске асыруды жалғастырумен есте қалды. Содан бастап еліміз жаңа конституциялық шынайылық жағдайында өмір сүріп келеді. Үшінші жаңғыру және ғаламдық бәсекеге қабілеттілікте еліміздің берік ұстанымын қамтамасыз ету шеңберінде Қазақстанның сапалы өсіп-өркендеуі үшін саяси-құқықтық алғышарттар жасалды», - деді ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Қайрат Мәми.

Сонымен қатар ол Елбасының  2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің жаңа әлемде жетістікке жету жолын табуы және бейімделуі үшін бірінші кезекте қолға алынуы тиіс істердің кешені айқындалғанын атап өтті.

«Жолдаудың көптеген идеялары аталған конституциялық реформаның ережелеріне сәйкес келеді және оларды әрі қарай жүзеге асыру бір-бірін өзара толықтыра түседі. Жолдауда азаматтардың конституциялық құқықтарына кепілдікті нығайту, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, құқық қорғау қызметін ізгілендіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігі туралы айтылған», - деді Қ. Мәми.

Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарын бекіткеніне тоқталған Қ. Мәми, оның тұғырын «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың жүйелі жеті реформасы мен жеті басым саясатының үйлесімі құрайтынын жеткізді.

«Елбасы 2018 жылғы 5 наурызда Парламент Палаталарының бірлескен отырысында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі Қазақстан Республикасының әлеуметтік сипатын пәрменді түрде байыта түсті. Қазақстан Республикасы 2017-2018 жылдары Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі, ал 2018 жылдың қаңтар айында оған төрағалық етті. Қазақстанның әлемдік аренадағы жетістіктері еліміздің халықаралық беделінің және республика Конституциясында бекітілген бейбітшіл сыртқы саясатының көрінісі. Конституциялық новеллаларды өмірге енгізу үдерісі үш бағытта тоғыстырылды. Бұл - заңдарды және басқа да құқықтық актілерді қабылдау, яғни жаңартылған Конституцияға қолданыстағы заңнаманы сәйкестендіру; жаңа құқық қолдану практикасын қалыптастыру; қоғамдық сананы, соның ішінде азаматтар мен мемлекеттік қызметкерлердің құқықтық мәдениетін, жаңғырту», - деді ол.

Конституциялық реформаны іске асыру барысында Республика Президенті бірқатар Жарлықтарды түзетті, Парламент конституциялық және ағымдағы заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізді, Конституциялық Кеңес бұрын қабылданған кейбір нормативтік қаулыларының заңды күшін толық немесе ішінара жойды. Осылайша конституциялық реформа тек Негізгі Заңның мәтінімен ғана шектелмей, бүгінде ол заңнамадағы, оның заңға тәуелді реттеу деңгейін қоса, елеулі өзгерістермен қуатталып отыр.

«Құқық шығармашылық практикасында Конституцияда бекітілген маңызды қағидаттар мен мақсаттарға қол жеткізу тұрғысынан салалық нормалардың тиімділігін бағалау туралы ұстаным жыл сайын күшейтіліп келеді», - деді Қайрат Мәми.

Бұдан бөлек ол елімізде конституциялық заңдылық режімін нығайтуға қызмет ететін Конституциялық Кеңестің халықаралық байланыстары көпвекторлы сыртқы саясат шеңберінде дамып келе жатқанын сөз етті. Қазақстанның Конституциялық Кеңесінің төрағасы 112 елдің конституциялық әділет органдары мүше Конституциялық сот төрелігі бойынша дүниежүзілік конференция Бюросының құрамына кірді. Сондай-ақ, 2018 жылы ҚР Конституциялық Кеңесінің төрағасы Жаңа демократия елдері конституциялық бақылау органдары конференциясының төрағасы болып сайланды.
Конституциялық Кеңес 2019-2021 жылдары Азия елдерінің конституциялық соттары мен баламалы институттары қауымдастығына төрағалық ететін болады.

Соңғы жаңалықтар