ҚР Көлік және коммуникация министрі Ә.Құсайынов БАӘ Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Әнуар Мұхаммед Гаргашпен кездесті

None
None
АСТАНА. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат - Кеше ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Біріккен Араб Әмірлігінің Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Әнуар Мұхаммед Гаргашпен кездесті,

деп хабарлады аталған министрліктің баспасөз қызметінен.

ҚР көлік ведомствосының басшысы мәртебелі мейманды еліміздің көлік саласының даму барысы, мемлекетіміздің транзиттік әлеуеті, автомобиль жолдары, темір жол, сонымен бірге азаматтық авиация мен су көлігі салаларындағы іске асырылып жатқан ірі жобалар жайында кеңінен ақпарат берді. Атап айтқанда, әңгіме «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» мега-жобасын іске асыру, жаңадан салынып жатқан «Қорғас - Жетіген», «Өзен - Түрікменстанның шекарасы» теміржол желілері, Ақтау портының маңызы төңірегінде өрбіді. Мұның сыртында, әрбір көлік түрі бойынша жүк және жолаушылар ағыны жайында нақты деректер келтірілді.

«Азаматтық авиация саласында екі ел арасында қазақстандық «Эйр Астана» авиакомпаниясы аптасына 9 рет, ал Әмірліктің «Эйр Арабия» және «Иттихад» авиакомпаниялары аптасына 8 рет тұрақты рейс жасап отырады. Жалпы авиация жылына 100 мыңға дейін туристерді тасымалдайды. Тұрақты рейстер 1995 жылы мамырдың 1-індегі өзара түсіністік жөніндегі меморандум негізінде жүзеге асырылуда. ҚР мен БАӘ арасындағы әуе қатынасы жөніндегі келісімнің жобасын тараптар қарап шыққаннан кейін өзара ортақ шешімге келу үшін қосымша түзетулер енгізуді қажет етеді. Қазіргі уақытта осы келісімді таяу арада қол қоюға әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Осыған байланысты келісім жобасын қарастырғанда болуы ықтимал мәселелерді реттейтін жұмыс тобы құрылады», делінген баспасөз хабарламасында.

Өз кезегінде БАӘ Сыртқы істер жөніндегі мемлекеттік министрі Әнуар Мұхаммед Гаргаш екі ел арасындағы көлік саласы бойынша ынтымақтастықты дамытуға әзір екендігін айта келе, өзара тиімді негізде авиарейстердің санын едәуір ұлғайтуға мүдделі екендігін білдірді.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, кездесуді қорытындылған Ә.Құсайынов бұдан әрі жемісті ынтымақтастыққа, сонымен бірге қазақстандықтардың әуе қатынасы жөніндегі келісім жобасына ұсыныстар енгізуге және оны таяу айларда қол қоюға даярлауға әзір екендігін қуаттады.

Соңғы жаңалықтар