ҚР Кәсіподақтар федерациясы Президент лауазымына өз кандидатын ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар федерациясы алдағы Президенттік сайлауға өз кандидатын ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Негізі атқару комитеті бізден екі адамның - Мұхтар Тінікеев пен Амангелді Таспиховтың кандидатурасын ұсынған болатын. Бүгін Мұхтар Тінікеев сайлауға түсуден өз еркімен бас тартты», - деп хабарлады ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Кәсіподақтар федерациясы Ақпараттық талдау орталығының директоры Серікқали Мұқашев.

Өз кезегінде Мұхтар Тінікеев сайлауға қатысудан неліктен бас тартқанын жазды.

«Мен өздігімнен сайлауға түсуден бас тарттым. Себебі, мемлекеттік тілді білу деңгейім осынау маңызды лауазымда боларлықтай жақсы деп айта алмаймын. Бірақ, Кәсіподақтар федерациясындағы лауазымымда көптің үмітін ақтауға уәде беремін», - деді Тінікеев.
null

Таспихов Амангелді Сатыбалдыұлы 1959 жылы 20 қарашада Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1982 жылы Алматы көлік құрастыру зауытында инженер-технолог болып бастаған. Әр жылдары мемлекеттік қызметте басшылық лауазымдарда жұмыс атқарып, бизнес-құрылымдарда да еңбек еткен.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының, сондай-ақ ҚР Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаты болған. 2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің төрағасы.

«Құрмет» орденімен (2005 жылы), медальдармен марапатталған.

Үйленген, екі баласы бар.

Айта кетсек, ағымдағы жылдың 9 маусымында елімізде кезектен тыс президенттік сайлау өтеді.

Соңғы жаңалықтар