ҚР Кәсіподақтар федерациясы кезектен тыс президенттік сайлау өткізуге қолдау білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Кәсіподақтар федерациясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезектен тыс президенттік сайлау өткізу шешіміне қолдау білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу туралы бастамасын қолдайды. Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздегі саяси үрдістің тиімді құралы ретінде мемлекеттік билік тармақтарының бірлігі мен өзара үйлесімді байланысын, конституциялық заңдылықтың нығаюын, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ететін тетік. Еліміздегі саяси жүйенің даму барысы Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасып, өсіп-өркендеуінің және нығаюының заңды үрдісі болып табылады. Осы орайда елімізде өткізілетін Президенттік сайлау - барша қазақстандықтардың азаматтық бостандығының ажырамас бөлігі, айқын дәлелі», - делінген федерация үндеуінде.

Сонымен қатар федерация Қазақстанның азаматтар мен қоғамның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік дамуын және үйлесімді қоғамдық-саяси бағдарын жалғастыра беретіндігіне сенім білдірген. Еңбеккерлердің құқығын қорғау, лайықты еңбек үшін тиімді шарттар қалыптастыру, сондай-ақ әлеуметтік әріптестіктің тиімді ынтымақтастығы саласына қатысты көптеген көкейтесті мәселелерді шешудің маңызы зор екендігін атап өткен.

«Бұл жауапты миссияны заң бойынша сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің басшылығымен тұрақтылық, айқындық және ашықтық жағдайында атқарған жөн. Біз еліміздегі барлық әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, жасампаз күштерді Қазақстан Республикасында барлық халықаралық нормалар мен стандарттарға сай әділ де ашық сайлау өткізуге қолдау көрсетуге шақырамыз!», - деп атап өтеді федерация.

Соңғы жаңалықтар