ҚР Қарулы Күштерінің өкілдері АҚШ мамандарымен тәжірибе алмасты

None
None
АСТАНА. 1 қазан. ҚазАқпарат - Астанада Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі өкілдері АҚШ армиясы Әскери колледжінің және Чехия Ұлттық қорғаныс университетінің оқытушыларымен кездесті. Семинар «Бейбітшілік жолындағы әріптестік» бағдарламасы шеңберінде өтті. Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарланды.

Іс-шараға сондай-ақ Қазақстан Ұлттық қорғаныс университеті әскери-мемлекеттік басқару факультетінің профессорлық-оқытушылық құрамы қатысты.

Профессор Джон Бонин, доктор Скот Горман және доктор Ян Спишак НАТО блогы мен АҚШ құрлық әскерлері әскери доктриналары жүйесін, сондай-ақ өз елдері әскери оқу орындарының оқыту әдістері туралы әңгімеледі, тактикалық операцияларды дайындау және өткізуге батыс елдері әскери көзқарастарының трансформациялану бағыттары талқыланды.

«Семинар барысында алынған ақпарат, болған тәжірибе алмасу, оқытушылардың кәсіби деңгейінің сапасын арттыруға, қазіргі заман жағдайында операцияларды дайындау және өткізуге шет елдердің көзқарасын талдауға көмек береді», - деп Ұлттық қорғаныс университеті бастығының орынбасары Альберт Мухаметов атап өтті.

Семинарға қатысушылар әлемдегі жылдам өзгеріп отырған әскери-саяси жағдайды, қару-жарақ пен әскери техника жаңа үлгілерінің, ұрыс іс-қимылдарын жүргізудің жаңа тәсілдері мен құралдарының пайда болуын ескере отырып, кездесу тақырыбының өзекті екенін атап өтті.

Кездесу сенім мен өзара түсіністік жағдайында жалғасып, оқытушылар семинар тақырыбы бойынша қойылған сұрақтарына тыңғылықты жауаптар алды.

Соңғы жаңалықтар