ҚР Қарулы күштерінің әскери қызметшілері Абай облысындағы өртті сөндіруге жұмылдырылды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватына жайылған өртті сөндіруге ҚР Қарулы күшінің әскери қызметшілері жұмылдырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Ресейдің Алтай өлкесінде қураған шөптің тұтануынан басталған өрт Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватына тараған. Өрттің жалпы ауданы 1500 га құрады.
Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың нұсқауы бойынша өртке қарсы шараларды орындауға арнайы дайындығы бар «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының келісімшарт бойынша жүзден аса офицері мен әскери қызметшісі жұмылды.

Сонымен қоса 29 бірлік әскери автокөлік және инженерлік техника (әмбебап жол машиналары және басқа да өрт сөндіретін құралдар) тартылды.


Ауданды барлау, сондай-ақ өртті тікелей сөндіру арнайы аспамен 3,5 тонна су таситын «Бэмби» құрылғысымен жабдықталған Ми-17 көліктік-жауынгерлік тікұшағы арқылы жүзеге асырылуда.

Жеке құрам орман өртінің екі ошағын сөндірумен айналысуда.

Біріншісінде, локализацияланған учаскеде жұмыс жүргізілуде, екіншісінде, қашықтағы жерде қорғаныс желісі құрылуда.



Әскери қызметшілер арнайы техникамен ағаштарды құлатып, үйінділер салу үстінде.

Өрт сөндіру жұмыстары «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының тылдық қамтамасыз ету басқармасы штабының бастығы полковник Ержан Есенбаевтың басшылығымен жүргізіліп жатыр.

Қарулы күштердің бөлімшелері жедел штабпен ұдайы байланыста.



Соңғы жаңалықтар