ҚР ІІМ жаппай тәртіпсіздікте ұрланған қару-жарақты кері тапсыруды сұрады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған қаруды іздеу және тәркілеу жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұрланған қаруды іздеу және алу бойынша мақсатты жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда. Қазіргі уақытта жалпы саны 1069 дана қару алынды, оның ішінде 123 автомат, 231 тапанша, 263 тегіс ұңғылы мылтық, 84 бірлік кесілген қару, 168 граната, 9 гранатомет пен 2 пулемет. Одан басқа 21759 оқ-дәрі табылды және алынды», - деді С. Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

ҚР ІІМ өкілі түсіндіру жұмысынан кейін тұрғындар 100-ден артық қаруды өз еркімен тапсырғанын атап өтті.

«Осыған байланысты азаматтарды күдікті адамдар, атыс және суық қаруды заңсыз сақтау мен сату туралы белгілі ақпаратты полицияға хабарлауды тағы да сұраймыз. Қылмыстық элементтер заңсыз айналымға түскен қаруды кез келген уақытта бейбіт азаматтарға қарсы қолдана алады», - деді Санжар Әділов.

Айта кетейік, атыс қаруын, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды сақтағандар оларды ерікті түрде тапсырса және әрекеттерінде басқа қылмыс құрамы болмаса, қылмыстық жауапкерішіліктен босатылады.

Қазіргі уақытта Ішкі істер органдарының тергеушілері қаңтар оқиғасына қатысты 2997 қылмыстық істі тергеп жатыр.


Соңғы жаңалықтар