ҚР ІІМ пробациялық есептегі тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетпейтін болды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ішкі істер министрлігі пробациялық есептегі тұлғаларға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетуден бас тартып, бұл функцияны жергілікті атқарушы органдарға беріп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.


Бүгін ІІМ-де «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне ішкі істер органдарының қызметін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының негізгі ережелерін түсіндіру және талқылау бойынша жария онлайн-тыңдау өтті.

2020 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында ІІМ құрылымын қайта қарап, оны бейімді емес функциялардан босатуды тапсырған болатын. Осы тапсырманы орындау үшін Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен ішкі істер органдарының қызметіне функционалдық талдау жүргізіліп, бірқатар ұсыныс әзірленді.

«Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың әлеуметтік-құқықтық көмек алуына жәрдем көрсету жергілікті атқарушы органдарға берілетін болады. Бұл шара жергілікті атқарушы органдармен функциялардың қайталануын болдырмайды, өйткені қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімдіктер де осы көмекті көрсетуде», - деді ҚР ІІМ орынбасары Алексей Калайчиди.

Қоғамдық тыңдауға ҚР Парламентінің депутаттары, адам құқықтары жөніндегі уәкілдер, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері, адвокаттар мен қоғам өкілдерінен құралған 150-ге жуық адам қатысты.

Еске салайық, бүгінгі отырыс барысында А.Калайчиди, сондай-ақ сотталғандарға медициналық қызмет көрсету ҚР ІІМ-нен Денсаулық сақтау министрлігіне берілетінін мәлім етті.


Соңғы жаңалықтар