ҚР ІІМ полиция қызметкерлерінің үстінен түскен шағымдар туралы мәлімет берді

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз онлайн брифингіде полиция қызметкерлерінің үстінен түскен шағымдар туралы мәлімет берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«ІІМ «сенім телефоны» кең ауқымды мәселелер бойынша халықпен кері байланыстың тұрақты арнасына айналды. Өткен 17-23 қаңтар аралығында ғана 544 хабарлама келіп түсті. Оның ішінде 448 хабарлама консультативтік-анықтамалық сипатта болды. Хабарламаның әрқайсысына түсініктемелер, ұсынымдар беріліп, қалыптасқан мән-жайларды шешудің жолдары ұсынылды», - деді Нұрділдә Ораз.

Оның айтуынша, полиция қызметкерлерінің әрекеттеріне бірнеше сипаттағы шағымдар түскен. Азаматтарды ұстау және жеткізудің 46 фактісі бойынша шағым келген. Оның ішінде ұсталған туыстарын іздеген 18 өтініш түскен.

«Әрбір өтініш берушіге ұстаудың себептері, заң бұзушылықтың мәні және қамаудағы туысымен байланысу тәсілдері түсіндіріледі. Ұялы телефондарды тексерудің 28 фактісі бойынша шағым келді. ҚР Қылмыстық кодексінің 255-бабы, (терроризм актісі), 269-бабы (ғимарат пен құрылысқа шабуыл), және 272-бабы (жаппай тәртіпсіздік) бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу аясында барлық телефондар тәркіленгені анықталды. Рұқсат етілген тексеруден кейін олардың мүлкі қайтарылатыны хабарланды», - деді Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі.

Айтуынша, жоғарыда аталған әр факті бойынша қызметтік тергеулер жүріп жатыр.

«ІІМ «сенім телефонына» келіп түскен хабарламаларды қараудың мерзімі 3-6 сағаттан аспайды. Тексеру үшін уақытты қажет ететін жекелеген мәселелер бойынша азаматтарға тіркеу бойынша қабылданған бірінші кезектегі шаралар туралы, сондай-ақ тексеру нәтижелері қашан айтылатыны түсіндіріледі», - деп түсіндірді Нұрділдә Ораз.


Соңғы жаңалықтар