ҚР ІІМ музейінде генерал Рүстем Қайдаровқа арналған экспозиция ашылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігінің музейінде ІІМ Құрметті ардагері, әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаровтың 80 жылдығына арналған экспозиция мен жаңа кітап таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Рүстем Қайдаров 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы маңында апатқа ұшыраған ұшақ жолаушылары арасында қаза тапқан еді.

Экспозицияға генералдың фотосуреттері, түрлі құжаттары мен жеке бұйымдары, формасы қойылған. Әйгілі генералды еске алу шарасына ҚР ІІМ басшылығы, ішкі істер органдары ардагерлер кеңесінің мүшелері және Рүстем Қайдаровтың туыстары мен жақындары қатысты.

«Бүгін мемлекет қайраткері, генерал-майор Рүстем Қайдаровты еске алуға жиналдық. Рүстем Есімханұлы 1940 жылы 18 мамырда дүниеге келген. 16 жасынан жұмыс істеп, тракторшы, жүк тиеуші, ағаш кесуші болған. 18 жасында әскерге шақырылып, Байкал маңы аудандық округінде борышын өтеген. Әскерден соң ішкі істер органдарының оқуына түсті. 1970 жылы ҚазМУ-да жоғарғы құқықтық білімін алды», - деді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди.

Алексей Калайчиди Рүстем Қайдаровтың өз мамандығының және тұтас елінің патриоты болғанын атап өтті.

«Оның кәсіби және адамдық қасиеттері туралы қызметтестері жақсы пікірде. Ол үнемі қарамағындағы мамандар мен әріптестерінің жағдайын жасады. Ең күрделі жағдайларда, әсіресе адам тағдыры шешілер сәттерде дұрыс шешім таба білді. Ол Семей облысының ішкі істер бөлімінде басшының орынбасары, Жезқазған облысында бөлім басшысы болды. Жұмысқа үлкен талаппен қарап, қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге күш салды», - деді А. Калайчиди.

Сонымен бірге, ІІМ музейінде «Ерен еңбегі еліне. Генерал Қайдаров» атты кітаптың тұсауы кесілді. Жинақта Рүстем Қайдаровтың әріптестері мен қызметтестері өз естеліктерін жазған.

«Рүстем Есімханұлы бар ғұмырын туған халқына қызмет етуге арнаған талантты, талмайтын еңбекқор жан ретінде ел есінде қалды. Ол ішкі жан дүниесі бай, рухы жоғары, қызмет тәртібіне берік адам еді. Рүстем Қайдаров қатардағы милиция қызметкерінен генералға дейінгі қиын жолдан өтті. Қазақстанның заң ғылымының дамуына зор үлес қосып, талантты шәкірттерді тәрбиеледі. Қызметтік демалысқа шыққан соң да ол құқық қорғау жүйесінде белсенді қызмет атқарды, өмірінің соңына дейін «Генералдар кеңесі» РҚБ Президиумы төрағасы міндетін абыроймен атқарды. Тірі болғанда Рүстем Қайдаров 2020 жылдың 18 мамырында 80 жасқа толар еді», - деді Ұлттық ұланның ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Болсамбеков.

Сонымен бірге Алматы қаласы Полиция департаменті, Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласы Полиция басқармасы, Қарағанды облысы Жезқазған қаласы Полиция басқармасындағы музейлерде генерал Рүстем Қайдаров туралы естелік бұрышы салтанатты түрде ашылды.


Соңғы жаңалықтар