ҚР ІІМ қорықшыны өлтірген күдіктілерді қалай тапқанын айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Тәртіп сақшылары Ақмола облысының аумағында қорықшыны өлтіргендерді әуеден және үш облыс аумағындағы жолдардан іздестірген, депе хабарлайды ҚазАқпарат ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың мәлімдеуінше, инспекторларға шабуыл жасаған қылмыскерлерді анықтау және ұстау үшін республика бойынша «Ұстау» операциясы жүргізілген. Қолдағы деректер барлық аймақтарға жөнелтілген.

«Оқиға орнына жақын орналасқан Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жеке құрамы дереу күшейтілген қызметке көшті. Облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарға блок-бекеттер қойылды, үш облыстың жолдары бойымен жедел-іздестіру топтары жіберілді. Іздестіру жұмыстарына ІІМ ТЖК тікұшақтары, ІІМ Криминалдық полиция департаментінің және «Арлан» арнайы бөлімшесінің қызметкерлері қатысты», - деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Жоспарланған іс-шаралардың нәтижесінде күдікті анықталып, қамауға алынған.

«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Арқалық қаласының тұрғыны күдікті ретінде анықталып ұсталды. Сондай-ақ, қылмыс болған тұстан 20 шақырымдай жерден «Нива» маркалы автокөлік табылды. Қазіргі уақытта күдіктіге қатысты тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыс құралы мен оқ-дәрілер тәркіленді. Бірқатар криминалистік сараптамалар тағайындалды. Бұл қылмысқа басқа да қатысушылардың бар-жоғы тексерілуде», деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев.

Қорықшы Қ.С. Нұртазиновтың өліміне және қорықшы С.К. Оспановты өлтіру әрекетіне байланысты ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Сонымен бірге Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ішкі істер органдарының браконьерліктің алдын алу және жолын кесу бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы хабарлады.

Жыл басынан бері киіктерді браконьерлік жолмен аулау фактісі бойынша 37 қылмыстық іс қозғалды, 32 адам ұсталды, 634 киік мүйізі,қылмыс құралдары, сондай-ақ, 13 бірлі автокөлік және 19 - атыс қаруы алынды. Келтірілген шығын көлемі 1,3 миллиард теңгеден асты.

«Браконьерлік үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті күшейту, оның ішінде мүлік пен қылмыс құралын тәркілеу туралы ұсыныстар енгізілді. Табиғат және жан-жануарлар әлеміне қатысты заңдарды бұзушылар келтірген зиян үшін өндірілетін өтемақы мөлшерін арттыру мәселе де пысықталуда. Орман шаруашылығы және жан-жануарлар әлемін қорғау бөлімшелерінің көліктерін арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықтап, білгілі бір түске бояу мәселесі әзірленді», делінген хабарламада.


Еске сала кетсек, кеше Ақмола облысының Жарқайың ауданында киік аулағандар ізіне түскен екі инспекторды атып жарақаттаған. Кейінірек жарақат алған қорықшының бірі қайтыс болғаны хабарланды .

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан азаматтың отбасына көңіл айта отырып киіктерді атқаны үшін жазаны күшейтуді тапсырды. Ал ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Президент тапсырмасына сәйкес қылмыстық заңнама күшейтілетінмәлім етті.

Соңғы жаңалықтар