ҚР ІІМ: Қарағандылық бойжеткеннің өз-өзін өлтіруіне суицидтік топтың қатысы жоқ

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ішкі істер министрлігі қарағандылық студент қыздың өз-өзіне қол салуы әлеуметтік желілердің ықпалымен болғандығы туралы ақпаратты жоққа шығарды. 

Бұл туралы Facebook-тегі өзінің парақшасында ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев жазды.

«Сибирякованың өліміне қатысты ҚР ҚК 105-бабы («Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу») бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.  Оның өз-өзіне қол салуы әлеуметтік желілердің ықпалымен жасалғандығы туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Жәбірленушінің оқытушылары мен туғандары қоғамдағы соңғы ақпараттық толқынға байланысты оның «өлім топтарымен» байланысы бар деген болжам жасаған.Мән-жайлар тергеу  барысында анықталатын болады», - деп жазды ол.

Министрліктің мәліметіне сәйкес, қазіргі уақытта тергеу шараларының барлық қажетті кешені жүргізілуде.

«Онымен қоса, БАҚ өкілдерін аталмыш тақырыпты ақпараттық кеңістікте өршітпей, суицид тақырыбына мұқият болуға, тек құзырлы органдардың пікірлеріне сүйенуге шақырамыз. Азаматтардан сабырлық сақтап, дүрлікпеуді сұраймыз», - деп түйді Алмас Сәдубаев.

Еске салайы, 6 ақпанға қараған түні Қарағандыда 19 жастағы колледж студенті Галина Сибирякова ванна бөлмесінде, есіктің тұтқасына асылып өлді.

Бойжеткеннің туыстары оның өз өмірімен қоштасуына осы күндері әлеуметтік желілерде көп талқыланып жатқан «Көк кит» суицидтік тобы ықпал етті деген болжам жасады.

«Қарындасым «Көк кит» қауіпті ойыны салдарынан өмірмен қош айтысты деп күдіктенемін. Бұл жантүршігерлік ойынды «Тыныш үй» деп атағанына не дерсің. Модератор жасөспірім орындауы тиіс тапсырма береді, мысалы, лезвиямен қолына киттің суретін салу. Соңғы тапсырма - өлімге алып келеді», - деді оның ағасы Марат.

Ал Ішкі істер министрлігі ата-аналардан өз балаларының «ғаламтордағы өмірлерін» бақылауға алуды сұраған болатын. 

Соңғы жаңалықтар