ҚР ІІМ емтихан-тіркеу бөліністерінің таратылу себебін түсіндірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрінің кеңесшісі - ресми өкіл Нұрділдә Ораз ведомствоға қарасты емтихан-тіркеу бөліністерінің не үшін таратылғанын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жақын арада Ішкі істер министрлігінде мүдделі мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен үлкен жиын өтті. Сол жиында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бастамасымен ведомствоға қарасты емтихан-тіркеу бөліністерінің қызметтерін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына беру туралы шешім қабылданды. Қазіргі уақытта Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында көлікті тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, сонымен қатар мемлекеттік нөмірлерді тіркеу бойынша арыздар қабылданып, жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірақ, полиция өз кезегінде тәжірибелік және теориялық емтихандарды қадағалап, қорытынды беріп отыратын. Біз бұл қызметті де «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына беруді жөн деп шештік», - деді ол.

Оның атап өтуінше, мұндай шаралар қарапайым халыққа мемлекеттік қызметтерді алу барысында қолайлы жағдай жасау үшін қолға алынған. Сонымен қатар ол емтихан-тіркеу бөліністерін таратудың залал тұстары болмайтындығын айтты.

«Керісінше, бұл, ең алдымен қарапайым халықтың мемлекеттік қызметтерді жедел алуына септігін тигізеді. Екіншіден, ішкі істер органдарындағы жемқорлық сынды жағымсыз әрекеттерді жояды»,- деді Н.Ораз.

Соңғы жаңалықтар