ҚР ИДМ міндетін орындамаған АЭА қатысушыларымен келісімді бұзады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Инвестициялар және даму министрлігі АЭА барлық қатысушыларымен бекітілген келісімшарттарға аудит жүргізіп жатыр. Бұл туралы министр Жеңіс Қасымбек Үкіметтің бүгінгі отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев арнайы экономикалық аймақ қатысушыларының қызметіне сараптама жүргізуді тапсырды. «Тіркелгендердің саны өте көп және ешкімнің жұмыс істеуге құлқы жоқ тәрізді, айла-амалдарға жол бермеу үшін кімнің тіркелгенін анықтап, талдау жүргізу қажет», - деді Бақытжан Сағынтаев бүгінгі Үкімет отырысында.

Сондай-ақ, Үкімет басшысы АЭА қатысушыларының салықтық жеңілдікті пайдаланатындарын атап өтті.

«Біз «Алатау» инновациялық технологиялар паркі АЭА барлық қатысушыларының келісімшарттарына аудит жүргіздік. Толық аудит қорытындысы бойынша, өз міндеттерін атқармайтын 42 қатысушымен келісімшартты бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Меншік иелерімен бірлесіп, өзге де АЭА аумақтарында дәл осындай жұмыстарды бастадық», - деді Жеңіс Қасымбек.

Өз сөзінде ҚР ИДМ басшысы арнайы экономикалық аймақтардың басты мәселелерінің бірі ретінде сапалы жобалардың аздығын, басқарушы органдардың жұмыс тиімділігінің төмендігін атап көрсетті.

«Бүгінде барлық АЭА аумағында инфрақұрылымы жасақталған қолжетімді 1 417 гектар жер бар, олардың барлығын  сапалы жобалармен толтыру керек», - деп баса айтты министр.

Жарияланған деректерге сүйенсек, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» (ҰИМХТ) арнайы экономикалық аймағында 600 гектар, Қарағандыда - 270 гектар бос жер бар.

Министр АЭА сапалы жобалармен толтыру үшін министрліктің әрбір АЭА даму стратегиясын әзірлеп жатқанын қоса айтты. Ұлттық компаниялар мен әкімдіктер стратегиялық серіктестер тарту бойынша жұмыстар жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар